«Менің басты миссиям — бұл біздің еліміздің тұрақты әлеуметтік экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біздің жас ұрпақ бақытты әрі гүлденген өмір сүре білуі тиіс. Осы мақсатқа жету үшін біз, біртұтас ұлт ретінде, табанды еңбектенуіміз қажет — бұл біздің ортақ ісіміз, азаматтық әрі патриоттық парызымыз».
2025 жылы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты дәстүрлі Жолдауында елдің стратегиялық даму бағытын айқындап, болашаққа нақты жоспарлар ұсынды. Бұл Жолдау — еліміздің әлеуметтік экономикалық тұрақтылығын нығайту мен азаматтардың әл ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформалар кешені.
Қазақстанның тұрақтылығы — елдің басты ұлттық құндылықтарының бірі және оның дамуының негізгі тірегі болып табылады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, макроөнеркәсіптік жағдайдың тұрақтануы, инфляцияның төмендеуі және халықаралық резервтердің артуы ұзақ мерзімді даму үшін сенімді негіз жасайды. Әлеуметтік салада халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралар қабылдануда: техникалық және кәсіптік білімді реформалау, білім беру жүйесін цифрландыру және әлеуметтік қолдаудың жаңа форматтарын енгізу. Сонымен қатар, Қазақстан қоғамындағы татулық, бірлік пен заң үстемдігі елдің тұрақты дамуының маңызды негізі болып табылады, ал заң, тәртіп пен патриотизм арқылы қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету әрбір қазақстандықтың ортақ міндеті болып саналады.
Еліміз бүгінгі жаһандық құбылмалы шақта даму жолын қайта саралап, жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Әлемдегі геосаяси өзгерістер, экономикалық трансфор мациялар, технологиялық серпілістер елдің болашақ бағытын айқындауды маңызды етуде. Сол себепті, тұрақтылық пен жаңғыру Қазақстан дамуының негізгі өзегіне айналып, стратегиялық бағыттың басты өлшеміне айналды. Тұрақтылық – ішкі саяси келісімнің сақталуы, мемлекеттік институттардың орнықты қызметі және қоғамдағы татулық арқылы қамтамасыз етіледі. Соңғы жылдардағы реформалар билік пен қоғам арасындағы диалогты кеңейтіп, азаматтардың басқаруға қатысуын арттырды, саяси жүйені заман талабына бейімдеуге жол ашты. Әлеуметтік тұрақтылық тұрмыс сапасын көтеру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және өңірлер арасындағы теңгерімді дамыту арқылы нығаяды. Жаңғыру – заман талабы: экономикада инновация, технологиялық даму, әртараптандыруға көңіл бөлінеді, мұнай мен шикізатқа тәуелділікті азайту басты міндетке айналды. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, жасыл энергетика секілді жаңа салалар елдің экономикалық әлеуетін арттырады. Жаңғыру мәдениет, қоғам және мемлекеттік басқару жүйесіне де әсер етіп, ашықтық, тиімділік және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған. Осылайша Қазақстан тұрақты, жаңарған және заманауи мемлекет ретінде дамуын жалғастыруда.
Қазақстанның жаңа тарихи бағыты – тұрақтылық пен жаңғырудың үйлесімі. Ел «әділетті қоғам» құруды басты мақсат етіп, азаматтардың құқықтары мен әл-ауқатын арттыруға мән беруде. Сыртқы саясатта теңгерімді, көпвекторлы бағыт сақталып, аймақтық қауіпсіздік пен халықаралық серіктестікке басымдық берілуде.
Жаңа кезеңде Қазақстан үшін ең басты капитал – адам әлеуеті. Жастардың білімін, қабілетін және шығармашылық энергиясын дамыту мемлекеттің дамуының негізгі тірегіне айналып отыр. Тұрақтылық мемлекеттің берік іргесін қалыптастырса, жаңғыру оның болашаққа сенімді қадам басуына мүмкіндік береді.
Ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен ел прагматикалық әрі ашық саясатты таңдап, ұлттық мүддені қорғаумен қатар жаһандық өзгерістерге бейімделуді көздейді. Біртіндеп жүргізіліп жатқан саяси реформалар қоғамдағы сенімді арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған.
Жаңғыру ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, оларды заманауи мазмұнмен толықтыруға негізделген. Мәдени жаңғыру заманауи өнер, креативті индустриялар және гуманитарлық білімді дамыту арқылы ұлттық бірегейлікті нығайтып, халықаралық имиджді қалыптастырады.
Әлем экономиканың интеллектуалдық формаға ауысуын көрсеткен жағдайда, Қазақстан үшін ғылым мен білімнің дамуы стратегиялық маңызды. Болашақта бәсекеге қабілетті елдер – инновацияны дамыта алған мемлекеттер. Сол себепті, білім мен ғылым тек әлеуметтік сала емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздіктің басты факторы болып отыр.
Сонымен бірге, Қазақстанның аймақтық және халықаралық деңгейдегі рөлі де өзгеріп келеді. Транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, Еуразия кеңістігіндегі көлік дәліздерін дамыту елдің геосаяси маңызын арттыруда. Бұл бағыт елге жаңа экономикалық мүмкіндіктер аша отырып, тұрақтылықтан жаңғыруға өтудің тағы бір маңызды кезеңін қалыптастырады. Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі бағыты — өлшемді, саналы және стратегиялық тәсілге негізделген тұрақтылық пен жаңғыру. Мемлекет басшысының Жолдауы елді экономикалық, әлеуметтік және институционалдық тұрғыдан одан әрі дамытудың нақты бағдарларын айқындап берді. Бұл бағдарлама елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаһандық бәсекеге қабілетті, цифрлық дәуір талаптарына сай келетін жаңа Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған.
Қайрат ЖАНСАҒЫМОВ,
Жәйрем кентінің әкімі.
