Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов Ақтай шағын ауданының тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, елді мекендегі өзекті мәселелерді талқылады. Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесудің басты мақсаты – халықпен тікелей байланыс орнатып, шағын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді бірге талқылау және шешу жолдарын қарастыру болды.
Жиын барысында қала әкімі ең алдымен соңғы 5 жыл ішінде Ақтай шағын ауданында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Оның айтуынша, шағын ауданды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Өңір басшысының айтуынша, соңғы жылдары шағын аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Соның ішінде ең өзектілерінің бірі – ауызсу мәселесі. 2020 жылы басталған су құбыры желілерінің құрылысы 2023 жылы толық аяқталып, елді мекен тұрғындары орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Бұл – халық көптен күткен игілікті істің бірі болды.
Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында да жұмыстар қолға алынды. № 6 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, білім ордасының жағдайы айтарлықтай жақсарды. Жөндеу жұмыстары барысында мектептің ішкі құрылымы жаңартылып, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы жағдай жасалды.
Шағын ауданның инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жол жөндеу жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылы ішкі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың қатынауы жеңілдей түсті. Ал 2025 жылы Қылыш елді мекеніне апаратын жол жөнделіп, жол сапасы жақсартылды. Биылғы жылы ұзындығы 0,28 шақырым болатын жол бөлігі толықтай қайта жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Ақтай шағын ауданында электр желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жоба аясында үш трансформаторлық қосалқы станция (КТП) ауыстырылып, 68 тұрғын үй жаңартылған электр желісіне қосылатын болады. Бұл өз кезегінде электр қуатының тұрақтылығын арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында өңір басшысы жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Қаражал-Атасу автожолының 118– 179 шақырым аралығындағы 61 шақырым жол бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады деп жоспарланған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және үш жылға есептелген. Аталған жобаны жүзеге асыруға 2,2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл жолдың жөнделуі тек Ақтай тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өңірдің көлік қатынасы үшін маңызды қадам болмақ.
Кездесу барысында тұрғындар түрлі мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын айтты. Солардың бірі – жаңадан салынған жолмен ауыр жүк көліктерінің жүру мәселесі болды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жүк көліктері асфальт жолмен жүретін болса, жаңа жолдың тез бұзылып кету қаупі бар.
Бұл сұраққа жауап берген қала әкімі жол әлі толық пайдалануға берілмегенін, бірақ, халықтың жағдайын ескере отырып уақытша ашылғанын айтты. Қыс мезгілінде жүк көліктерінің жүруіне рұқсат берілгенімен, көктем мен жаз айларында олар арнайы қосалқы жол арқылы жүретін болады. Қазіргі уақытта бұл мәселе көліктік бақылау инспекциясының бақылауында. 1 наурыздан бастап жүк көліктері қосалқы жол арқылы қатынауда.
Сондай-ақ, тұрғындар жүк көліктерінің үстінің жабылмауы туралы да мәселе көтерді. Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта барлық жүк көліктері норматив талаптарына сәйкес жабық күйде жүруі міндеттеледі. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Тұрғындар тарапынан көтерілген маңызды мәселелердің бірі – ұялы байланыс сапасы. Өңір басшысының айтуынша, Вокзал және Ақтай шағын аудандары аумағында байланыс антеннасын орнату бойынша келісімшарт жасалған. Мамандар шақырылып, байланыс желісінің бағыты белгіленген. Компания өкілдерінің айтуынша, егер елді мекенде 250-ден астам тұрғын болса, байланыс компаниясы тіректі тегін орнатуға көмектеседі. Ал антеннаны орнату жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілді.
Антенна екі айдың ішінде орнатылғанымен, байланыс компаниясы тарапынан кері байланыс уақытша тоқтап қалған. Шілде айынан бастап Ұлытау облысы бойынша байланыс жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Сол айдан бастап біздің өңірге де бет бұрмақшы. Сонымен қатар, Қаражал-Жаңаарқа жолы бойында екі ірі байланыс мұнарасын орнату жоспарда бар. Бұл болашақта байланыс сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында тұрғындар шағын ауданның болашағына қатысты да алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, мектептегі оқушылар санының азаюы сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, келесі жылы бірінші сыныпқа баратын бала саны жоқтың қасы. Жастардың көбі қалаға көшіп кетіп жатыр.
Бұл мәселеге қатысты қала әкімі мемлекет тарапынан халықты көшіру бағдарламалары бар екенін атап өтті. Бағдарлама аясында оңтүстік өңірлерден көшіп келген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Әрбір көшіп келген азаматқа 250 мың теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесі қарастырылып, жұмыс орындары ұсынылады. Қалада бірнеше кәсіпорын бар және жалақысы жоғары жұмыс орындары жеткілікті. Алайда, бүгінгі күнге дейін бұл бағдарлама арқылы көшіп келушілер саны болмай отыр.
Кездесу барысында тұрғындар жолдарды суғару, шаң мәселесі, ауыл шаруашылығы саласына қатысты кеңес беру, медициналық пункт салу, трасса бойындағы жарық шамдарын орнату сияқты бірқатар мәселелерді көтерді.
Қала басшысының айтуынша, жолдағы шаң мәселесі жер толық кепкеннен кейін қайта қаралып, тиісті шешім қабылданады. Ауыл шаруашылығы бойынша жеке маман тағайындау мүмкін болмаса да, тұрғындар қалаға келіп, тиісті бөлім мамандарынан кеңес ала алады. Қала әкімдігі тарапынан субсидия мен несие алу мәселесінде толық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, шағын медициналық пункт салу жоспарда бар. Қаржы мүмкіндігіне байланысты бұл жоба алдағы уақытта жүзеге асырылуы мүмкін.
Кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды бірлік пен ынтымаққа шақырды. Оның айтуынша, кез келген мәселені бірлесе талқылап, ортақ шешім қабылдау арқылы ғана өңірдің дамуына қол жеткізуге болады.
– Егер қала өміріне қатысты қандай да бір мәселе болса, алдымен бізге келіңіздер. Әкімдік әрдайым ашық. Біз сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға дайынбыз. Өңіріміздің дамуы үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз керек. Бірлік болса – тірлік бар, – деді қала әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар өз ойларын еркін жеткізіп, ұсыныстарын білдірді. Ашық диалог форматында өткен бұл жиын халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайта түсті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табады деп күтілуде.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
