Төл теңгеге – 30 жыл

Төл теңгемізге биыл 30 жыл толды. 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз теңге айналымға енгізілген еді. Тарихына тоқталсақ, Ұлттық валютамызды дайындау жұмыстары 1992 жылы басталған, сол жылы 27 тамыз күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті.

Сол жылдары Қазақстан аумағындағы жалғыз төлемдік құрал болып саналды. Бұл еңбекке, дамуға, реформаларға және кездесулерге толы қиын кезеңдер еді. Өз валютамыздың болуы біздің елдің басшылығына маңызды және экономикалық реформаларды жүргізуге, ауқымды өзгерістерді іске асыруға, республиканың тұрақты даму траекториясын құруға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, ұлттық валютамыз — теңгенің 30 жылдығы мен қаржы саласының қызметкерлері күні тұспа-тұс келіп тұр. Осыған орай, өткен аптада қос мейрамның құрметіне арналған «Ұлттық теңге – ұлт мақтанышы» атты мерекелік іс-шара өтті.

Ең алдымен Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов сахна төріне көтеріліп, барша қала тұрғындары мен қала қонақтарын қос мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін тіледі. Өз сөзінде: — Биыл «Қазақстан халық банкі» өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Халық банкінің тарихы қазақстандық қаржы институтының табыс жолы ғана емес. Бұл – мемлекет пен халықтың өз мұраларына ілтипатпен қарауының, тарихи дәуірден жаңа заманға ұласқан сабақтастықтың үлгісі. Бүгін ортамызда отырған Қазақстан халық банкінің қызметкерлерін атаулы мерейтоймен құттықтаймын! Теңгені қалыптастыру және нығайту жолында аймағымыздың қаржыгерлері ерекше үлес қосуда. Қаржы ісі жоғары білімді, өмірлік тәжірибені, кәсібилікті қажет етеді. Аймақта экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артуда, — деп, қаржыгерлерді марапаттау рәсімін бастап кетті.

Ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдық мерейтойына орай, Ұлытау облысының қоғамдық саяси өміріне белсене қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен Қаражал қаласының Қазынашылық басқармасының басшысы Самал Тусипова марапатталды. Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және жеке еңбек жетістіктері үшін Қаражал қаласының Құрмет грамотасымен «Жәйрем Болашақ»  коммуналды мемлекеттік кәсіпорынының бас бухгалтері Айымгүл  Абилова, «Қаражал қаласының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі Айымгүл Жанайдарова, «Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бухгалтері Бағила Самаева мадақталды. Сонымен қатар, өңір дамуына қосқан үлесі үшін Қаражал қаласы әкімінің Алғыс хатымен «Қаражал қаласының білім бөлімі»  мемлекеттік мекемесінің  бухгалтері Ғалия Игібаева,  «Қаражал қаласының жер қатынастары және сәулет бөлімі»  мемлекеттік мекемесінің бухгалтері Жанар Исина, «Қаражал қаласының тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі,  автомобиль жолдары және  тұрғын үй инспекциясы » ММ-сің бас бухгалтері Айгүл Рымқажина, «Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналды мемлекеттік мекемесінің бухгалтері Сырым Сажин және «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маман-бас бухгалтері Айнагүл Умурзакова марапатталды. Сондай-ақ, келесі ұжымдар, яғни «Қаражал қаласының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі,  Қаражал қаласының Қазынашылық басқармасы,  Қаражал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының Қаражал қаласы бойынша филиалы, «Фортебанк»  акционерлік қоғамының Жәйрем кенті бойынша филиалы қала әкімінің Алғыс хаттарымен мадақталды.

Салтанат соңында  қаржы саласының қызметкерлеріне арналған  мәдени-сауық орталығының мәрмәр залында спорттық іс-шаралар мен фуршет ұйымдастырылды.

Қаржыгерлердің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттің ақшасын дер кезінде жинап, тиімді пайдаланып, мемлекеттің экономикасының дамуына жұмыс жасау. Сала қызметкерлерімен қатар ардагерлердің де еңбегін атап өтіп, ұйымдастырушылар гүлшоқтарын табыстады. Қаржы ардагерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде қала экономикасы дамып, тұрақты өсім қалыптасты, даму көрсеткіштері артты.

Биыл тағы бір айтулы мерейтой бар. Еліміздегі ең ірі Halyk банкі өзінің жүз жылдығын атап өтуде. Алғаш 1923 жылы Ақтөбеде жинақ кассасы болып ашылған мекемеге міне, ғасыр толды. Халық тарихын қамтитын осы бір тұтас ғасырда банк соғысты да, жеңісті де, ұлттық экономиканың қалпына келуі мен саяси жылымықты, миллиондаған адамдардың қиын сәттері мен арманын, алып елдің күйреуі мен Қазақстанның тәуелсіздік алуын, дағдарыстар мен оларды жеңу жолын өз елімен бірге көрді. Бірге өсіп, дамыды. Қаламаздың Халық банкі филиалы қызметкерлерін  100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.

Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Теңге ұлттық валюта ретінде еліміздің экономикалық даму үдерісінде өзінің лайықты орнын тапты. Бұл әлемнің озық 30 елінің қатарына бағытталған ізгілікті қадам болып табылады. Сондықтан да тәуелсіздік барда теңгенің өмірі ұзақ болары анық. Теңге – тәуелсіздігіміздің нышаны.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ