Түйткілді мәселелер қозғалды

Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан көмек-қолдау да жеткілікті. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндіктер де берілуде. Өткен аптада Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, саладағы түйткілді мәселелер жөнінде ой қозғап, ұсыныстарын тыңдады.

Ұлытау облысында кәсіпкерлердің бастамасын қолдау үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалдары мен «Ұлытау» ӘКК жұмыс істейді. Былтырдың өзінде өңірде Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруының арқасында 65 ауылшаруашылығы техникасы жаңартылды. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 49%-ға дейін құрылтайшы болып, кәсіп ашуға қолдау көрсетеді. «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы бойынша бизнес иесінің алғашқы табыс көзіне жеткенше 1 жылға дейін жылдық 2,5%-дық несие қаржысын өтеуде демалыс алуға мүмкіндігі бар. Кәсіп бастауда осы және өзге де қолдаулар жайында Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлының өңір кәсіпкерлерімен кездесуінде түсіндірме ақпараттар берілді.
Бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынасты дамыту, міндеттер мен проблемаларды шешу мақсатында ұйымдастырылған жиынға Ұлытау облысының прокуроры Жасұлан Еламанов та қатысты.
Кездесуде жиналған кәсіпкерлер сұрақтарын облыс әкіміне, тиісті басқарма басшыларына тікелей жолдады, сондай-ақ, осы уақытқа дейін бизнес иелерінен келіп түскен сауалдарға да жауап берілді. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлер тарапынан жеке бизнес иелеріне коммуналдық тариф бағасын төмендетуге, биылдан қалмай ветеринариялық зертхана ашуға, қыс мезгілінде мал бордақылауда азық-түліктің аздық етуіне, балабақшалардағы тамақтануға төленетін ақы мен азық-түлік бағасының өсуіне және тағы да басқа сұрақтар жолданды.
Кездесуден кейін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен облыс прокуроры Жасұлан Еламанов кәсіпкерлерді жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ