Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Қаражал тау-кен техникалық колледжінің студенттеріне арналған «Жемқорлыққа жол жоқ» атты ақпараттық сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы түсініктерін кеңейту және жастарды адалдық пен әділдікке тәрбиелеу болды.
Шараға колледж жетекшісі, топ шебері Маржан Сағындықованың жетекшілігіндегі студенттер белсене қатысып, өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Олар ұсынылған жағдаяттық сұрақтарға мазмұнды жауап беріп, тақырып аясындағы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, студенттердің сахналық қойылымы жемқорлықтың теріс әсерін жеткізіп, қатысушыларға ой салды.
Іс-шараның қонағы — Қаражал қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Мергенбай Сембек болды. Ол студенттерге сыбайлас жемқорлықтың қоғамдағы қауіпті құбылыс екенін, оның құқықтық салдары мен алдын алу шараларына қатысты кең көлемде ақпарат берді. Заңгер жастарды заңға құрметпен қарауға, жауапкершілік пен әділдікті ту етуге шақырды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауап алды. Шара пікір алмасуға, құқықтық білімді арттыруға және жастардың азаматтық ұстанымын нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесуге айналды.
Қаражал қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі осындай ағартушылық іс-шараларды алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізу арқылы жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосуды жоспарлап отыр.
Алмагүл МҰХАМЕДЖАНОВА,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.
