Сумен қамту жайы сөз болды

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов өңірдегі өндіріс орындары мен өзге де кәсіпорын басшыларын арнайы шақырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты ойларымен бөлісуді тұрақты жүргізіп келеді.

Бұл жолы шаһар басшысы «Қазсушар «ШЖҚ РМК» Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы директорының орынбасары Ғабит Амангелдіұлымен кездесіп, Қаражал қаласын сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша келелі әңгіме өрбіді. Аталмыш кәсіпорын қазыналы өңірді сумен қамтамасыз етуде үлкен жұмыстар атқарып келеді. Биылғы жылы филиал қалаға тәулігіне 3600 текше метр су жіберіп отыр.
Судың сапалы, әрі тоқтаусыз келіп тұруы үшін кәсіпорын құрылымының да сол жұмысқа сақадай сай болуы ләзім. Кәсіпорын басшылары осы мәселеге жіті мән беріп отыр. Биыл филиалдың Қаражал қаласындағы №3 су көтеру станциясының ғимаратына ауқымды жөндеу жұмыстары басталған. Ғимараттың шатырын ауыстыру бойынша жөндеу жұмыстары, машина залында жөндеу жұмыстары, сыртқы және ішкі есіктерді және терезе блоктарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ