Су тасқыны – кез келген адам үшін, әсіресе балалар мен олардың отбасы үшін қиын әрі жойқын құбылыс. Егер сіз тұратын аймақта су тасқыны орын алса, өзіңіздің және отбасыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мамандардың төмендегі кеңестерін қатаң сақтаңыз.
Ең алдымен жергілікті билік өкілдерінің нұсқауларын орындаңыз. Ауа райы туралы ақпаратты, ресми хабарландыруларды үнемі бақылап отыру үшін теледидар, радио немесе сенімді ақпарат көздеріне құлақ түріңіз. Егер эвакуация жасау туралы ескерту берілсе, ең қажетті заттарыңыз бен құжаттарыңызды алып, кешіктірмей қауіпсіз жерге көшіңіз.
Құтқару қызметі арнайы бөгеттер орнатқан болса, оларды айналып өтуге немесе қауіпті аймаққа кіруге тырыспаңыз. Мұндай шектеулер адамдарды қауіпсіз бағытқа бағыттау үшін қойылады. Үйден кетер алдында мүмкіндігіңіз болса, электр жарығын, барлық электр құрылғыларын, газды және суды өшіріңіз.
Тасқын су жақындаған жағдайда биік жерлерге немесе ғимараттың жоғары қабаттарына көтерілуге тырысыңыз. Тұрып қалған, ағып жатқан немесе көтеріліп келе жатқан судан барынша аулақ болыңыз. Ешқашан қатты ағып жатқан тасқын судан жаяу, жүзу арқылы немесе көлікпен өтуге әрекет етпеңіз.
Егер көлік ішінде қалып, оған су тола бастаса, дереу көліктің төбесіне шығыңыз. Ғимараттан шыға алмай қалған жағдайда жоғарғы қабатқа көтерілуге ұмтылыңыз. Шатырға тек аса қажетті жағдайда ғана барыңыз. Шатыр асты немесе тамбур секілді жабық кеңістіктерге кірмеңіз, себебі су деңгейі көтерілгенде сол жерде қамалып қалуыңыз мүмкін.
Тіпті жертөледегі су деңгейі аз болғанның өзінде ол балалардың денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан қауіптің алдын алу – басты міндет.
Қауіпсіз жерге жеткеннен кейін байланыс құралдары арқылы отбасы мүшелеріне немесе жақындарыңызға қай жерде екеніңізді хабарлаңыз. Жақындарыңызды дер кезінде ақпараттандыру – олардың алаңдаушылығын азайтып, қауіпсіздік шараларын үйлестіруге көмектеседі.
Абылайхан ЖОЛБАРЫСБЕКОВ,
Қаражал қаласы ТЖБ аға инженері.