Ұстаз ғибраты — мәңгілік

Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.

Абай.

Жоғарыдағы ұлы Абайдың бір ауыз өлеңімен алынған әлқисса, әлбетте кез келген ардагер ұстаздың өмірі мен ұлағатты ұстаздық еңбегіне берілген анықтама іспетті. Қаланың ардақты да, аяулы қарт ұстазы Раушан Мақайқызы Ықыласованың ұстаздық жолы, өнегеге толы өмірі абыз Абайдың осы бір шумақ өлеңіне сыйып тұрғандай.
Раушан Мақайқызы 1943 жылы 15 желтоқсанда Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Көпбалалы, қарапайым отбасынан шыққан Раушан қыз үйдің кенжесі болған. Ардақты әке мен аяулы ананың мейіріміне қанып үлгермесе де, бауырлары кенже қызды аялы алақандарына салып, шексіз қамқорлық көрсеткен екен. Алайда, қайсар қыз қанша қамығып жүрсе де, тағдыр тауқыметіне мойымай, түбі білімнен бақыт табарын мүмкін сезген шығар. Ізденістен бас көтермеген Раушан қыз өз білімі мен күш-қуатына сеніп, ешкімнің қолдауынсыз жоғары оқу орнына түседі. 1965 жылы Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, Қаражал қаласына келеді. Содан бері қазыналы Қаражалмен тағдыры тамырласып келген екен. Еңбек жолын осында бастап, тұрмыс құрып, абырой жетегіне ереді. Алайда, Раушан апай жолдасы Түйтебай ағадан ерте көз жазып қалды. Арқасүйер ер-азаматы дүние салғанда үш ұлы мүлде жас еді. Тіпті, естерін білмейді деуге болады. Дегенмен, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Раушан апайдың қайғымен арпалысып жүріп, алтын асықтай балапандарын енесіне қалдырып, еңбектен қол үзген жоқ. Алғаш еңбек жолын қаламыздың қара шаңырағы — № 1 қазақ мектебінде бастаған екен. Кейін 1965-1973 жылдар арасында бірнеше мектепте математика мұғалімі болып қызмет атқарған. Өз ортасына білімі мен ұйымдастырушылық қабілетін мойындатқан Раушан Мақайқызы 1976-1981 жылдар аралығында № 2, 1, 3 мектептерінде басшылық қызметінде болған екен. 1985 жылдан бастап, № 7 жалпы білім беретін мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып, осы жерден зейнетке шығады. Раушан апай бар саналы ғұмырының тура «табаны күректей» қырық жылын ұстаздыққа арнапты.


Раушан Мақайқызы соңғы сұқбаттарының бірінде: — Ұзақ жыл еңбек еткен ұстаз, бала тәрбиелеген ана ретінде айтар тағы бір пікірім, жалпы ұстанымым — тәрбиенің түп-тамыры үйде болуы керек. Үлкенді сыйлау, адал болу, әдепті болу сияқты ізгі қасиеттерді баланың бойына отбасындағы тәрбие сіңіруі тиіс деп ойлаймын. Әрине, мұғалім – бала тәрбиесіндегі басты фигура. Бірақ, мұғалімнің басты мақсаты мен міндеті – балаға сапалы білім беру. Ал, саналы тәрбиенің бастау көзі – отбасында. Әр шаңырақта үлкен кісісі болса, тіпті жақсы. Өз балаларым аз уақыт болса да енем марқұмның тәрбиесін көрді. Мен қазір өзімнің немерелерімді шамам келгенше тәрбиелеп келемін. Отбасындағы болсын, мектептегі болсын, тәрбиенің астарында ұлттың болашағына деген жауапкершілік бекем болуы қажет, — деп ойын түйіндепті. Ұлағатты ұстаз, ардақты ананың бұл түйінін өмірден көргені көп, шынайы адами болмыста ғұмыр кешкен ғибратты жанның кейінгі жастарға аманаты деп білейік.
Жүздеген жүрекке жылуын сыйлап, ұстаздық ұлы мұрат жолында тағдыр сыйын қабыл алып, тағдыр сынын адал еңбек, боямасыз болмыспен мәнді өмір сүрді.
Раушан Мақайқызы шәкірт тәрбиелеп, қоғамның саналы мүшесін қалыптастырудағы еңбегі орасан зор. Ол кісінің шәкірттеріне берген білімі, айтқан ақыл-кеңесі замандастары мен әріптестері арқылы бізге жетіп, ұрпақтар сабақтастығы нәтижесінде кейінгі өскелең буын өкілдері үшін адамдық пен ұстаздықтың символы ретінде жадымызда қалды. Раушан мұғалімнің асыл бейнесі де осы тұста жан-жүрегіміздің төрінде, көз алдымызда тұратыны анық. Сыныпқа енгенде жан жылуы мен мейірім шуағын қоса алып келуші еді. Нұрлы жүзінен ақыл-парасаттың жылы лебі есіп, шәкірттері білім бұлағына еркін енетін еді. Бақұл бол, Раушан ұстаз! Жарқын бейнеңіз мәңгі жадымызда болады.

Алтынай Кушкимбаева,
№ 7 ЖББМ оқу ісі жөніндегі орынбасары.