«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», — деп тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұстаздық – киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық.
Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, оған бағыт-бағдар беруші. Ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейді. Бала жанының бағбаны ұстаз атану – қиынның қиыны! Бірақ, осыған қарамастан өз өмірінен шәкіртінің өмірін жоғары қоя білетін, біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген асыл жандар да жетерлік. Біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын. Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл іс асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді.
Жұмысшы мамандықтарының рухын көтеріп, мәртебесін арттыру үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жолдауда Мемлекет басшысы: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекшіл және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», — деді. Халықты адал еңбекке ынталандыру үшін тиімді шешім болды деп бағалаймын. Президент өз Жолдауында: «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық» — деп ұстаздар қауымына үлкен міндет артты.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңда мұғалімдердің құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген. Бүгінгі таңда ұстаздар қауымы артық есептілік пен қызметіне жатпайтын функциялардан заң жүзінде босатылды. Сондай-ақ, мұғалімдердің жалақысы да айтарлықтай артты. Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін қосымша ақының мөлшері де өсті. Педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін төленетін қосымша ақы да лауазымдық жалақысының 30-50% мөлшерінде белгіленіп отыр. Магистр дәрежесі бар мұғалімдерге ай сайын 27 мың көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Алғаш рет білім беру ұйымдарының директорлары мен орынбасарларына да басқарушылық шеберлігі үшін лауазымдық жалақысының 30%-дан 100%-ға дейін қосымша ақы бекітілді. Заңда мұғалімдердің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты, жүктемелерінің азаюы және басқа да әлеуметтік қолдау шаралары нақты көрсетілген.
Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Үлкен шыдамдылық пен жауапкершілікті және балаларға деген махаббатты талап ететін мәртебелі мамандық. Еліміздің азаматтарын тәрбиелеп, шамшырағын жағу – абыройлы міндет. Бала жан-жақты білім алуы үшін уақыт талабынан қорықпайтын, өз шәкірттеріне үлгі бола білетін адам ғана ұстаздық қылуы тиіс. Пандемия кезінде, яғни, күрделі кезеңде уақыттың сын-қатеріне ілесіп қана қоймай, мұғалімдер қиын міндетті абыроймен атқарды.
Мамандық таңдар кезде, қырық жыл математика және физика пәнінің мұғалімі, мектеп басшысының қызы болғандықтан көп ойланбадым, ата кәсіпті жалғауға бел будым. Күнделікті уақытының 50%-ынан көбін мектепте, шығармашылық жұмыста өткізетінін, өмір бойы ізденісте болу керек екенін сезіне отырып, осы бір қиындығы мен қызығы қоса жүретін ұлы мамандық иесі болуды қаладым. Әкенің шәкірт тәрбиелеудегі ақылы, тәжірибесі маған үлкен медет болды. Мыңдаған шәкірттердің шамшырағын жақтым деп мақтанышпен айта аламын.
Математика кабинеті жаңа партамен, оқушыларға арналған құрал-жабдықтармен, интерактивті тақтамен жабдықталған. Заманауи мұғалім платформалар арқылы тапсырмалар дайындап, интерактивті бейнероликтер жасай алады және жасанды интеллект түрлері педагогтардың жұмысын жеңілдетеді. Бағдарламаларды пайдалана отырып, сабақтарды оқушылардың қажеттіліктеріне сай бейімдей алады, оқу ортасын оңтайландыра алады, сабақты жоспарлаудың тиімділігі мен сапасын арттырады. Бұл платформалар – оқушыларды қызықтыру үшін әртүрлі оқыту әдістерін, ресурстарды бағалауды және саралауды қамтитын тиімді қолданбалар. Техникалық мамандықтарға математика, физика пәндерін жетік білетін түлектер дайындау – біздің міндетіміз. Жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетімізді сапалы атқаруға тиіспіз. Сонда ғана еліміз дамиды. Мұғалімдер жан-жақты, әрдайым ізденіс үстінде болу керек, өз мамандығын жетік меңгерген ұстаздар мықты азаматтар тәрбиелейді.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Қазақ халқы ежелден білім берген ұстазына деген құрметін аямаған. Жолдауда ұстаздардың абыройы мен беделін арттыру бағытында біршама өзгерістер болатындығы айтылды. Бұл бағытта ұлттық құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ, дамыған елдердің тәжірибесін зерделеу, ұтымды жолдарын басшылыққа алу ісі оң болмақ. Ұстаздардың материалдық жағдайымен қатар, ғылыми ізденісіне, педагогикалық шеберлігін шыңдауына назар аудару қажет. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқыту ісін күшейту бастамасы көтерілгенін ескерсек, ұстаздар үшін салмақты жауапкершілік артылып отыр. «Ғалым дамымай, ғылым дамымайды» десек, ғалымды дамытатын, ол – мұғалім. Ақын Ғафу Қайырбековтің сөзімен айтқанда: «Бұл мамандықты «жүрегінде батырлық, сезімінде ақыл бар, мінезі күн шуағындай» адамның асылы таңдайды».
Мамандығым – мақтанышым.
Айшакүл Дюсембина,
білім беру саласының үздігі,
№10 ЖББМ математика пәнінің мұғалімі.