Спортқа бөлінген назар

Ұлытау облысында жаңа спорт базасының құрылысы басталды. Аталмыш нысан ескек есуші спортшыларды қолдау бағытында қолға алынды. Алайда, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы спорт базасы салынып болған қыс мезгілінде шаңғы спортын дамытуға да қолданылатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спортты дамытуға жиі көңіл бөліп келеді. Президент көтерген бастамалардың барлығы да халықтың денсаулығын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған және қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды екенін өз Жолдауында атап өтті. «Спорт инфрақұрылымын дамытып, оны барынша қолжетімді ету – маңызды міндеттің бірі. Өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу керек. Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді», – деген еді Президент.
Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында Ұлытау облысында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі жоғарыда сөз еткен жаңа спорт базасының салынуы. Әлігінде айтып өткеніміздей нысан өңіріміздегі ескек есуші спортшылардың шеберлігін шыңдау мақсатында қолға алынды. Орайы келгенде айта кетейік, спорттың бұл түрінен жерлестеріміз биік белестерді бағындыруда. Маусымның 14-16 аралығында Таиландта өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз Малика Турсын мен Виктория Фалолеева күміс және қола медальға қол жеткізді.
Десек те, жаңа спорт базасы өңірімізде кенже қалған шаңғы спортын дамытуға да өз септігін тигізетін болады. Ол жайында нысан құрылысымен танысуға келген аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы қадап айтты. «Спорт базасының залдарын бөлуде шаңғы спорты секцияларын дамыту тұсын ескеріңіздер. Нысан бір мезгіл ғана емес, қыста да жұмыс істеуі қажет» — деді өңір басшысы өз сөзінде.
Сонымен, Жезқазған қаласында заманауи нысанның құрылысы басталды. 4 жарым гектардан астам жерді алатын спорт базасының корпусы қос қабатты болады. Бірінші қабатында ойын залы, күзет бөлімі, медициналық пункт, қойма, жылу торабы, жаттығушылар мен жаттықтырушылардың жуыну-киіну бөлмесі, шаңғышылардың киім ауыстыруға арналған орындары жоспарланған.
Екінші қабатта жаттығу залы, қабылдау бөлмесі, мәжіліс залы, ескек есу спорт түрлерінің жаттықтырушылары залы, әкімшілік, бухгалтерия, жуыну-киіну бөлмелері болмақ.
Нысанның қолданысқа берілу уақыты 2025 жылдың соңына жоспарланған.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.