Соттағы қауіпсіздік

Сот ғимараты – айрықша қорғалуы тиіс, қауіпсіздік шаралары жан-жақты сақталатын мемлекеттегі маңызды құрылымдардың бірі. Себебі, мұндағы жұмыс тек түрлі дауларды таразы басына салып, үкім шығарумен шектелмейді. Сот ғимараты – қоғамда көптеген мәселелердің шешімін табатын, мемлекеттік маңызы бар ауқымды істер қаралатын орын. Онда құпия құжаттар сақталады, ал осы ғимараттың тыныштығы мен қауіпсіздігі – барлық қызметкердің басты парызы.

Сот приставтарына жүктелген міндет те ауқымды. Олар сот отырысы кезінде залда тәртіп пен тыныштық сақталуын қамтамасыз ететін лауазымды тұлғалар. Сот ғимаратына кірген азаматтарды қарсы алып, құжаттарын тексеріп, тізімге тіркеп, мәжіліс залдарына кіргізу – приставтың күнделікті жұмысы. Сонымен қатар, сот отырысының қауіпсіз өтуі үшін олар залды алдын ала дайындап, судьялар мен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.

Сот ғимаратының қауіпсіздігін сақтау үшін әр қызметкер приставтармен өзара үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет. Бұл – ең алдымен сот төрелігін жүзеге асыруға қатысатын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғы шарты.

Әрине, сот ғимаратына кірудің өз тәртібі бар. Қатаң сақталатын ережелер де осы мақсатқа қызмет етеді. Тарихқа көз жүгіртсек, әлемнің түрлі елдерінде сот процестері кезінде шулы оқиғалар орын алған. Қауіпсіздік шаралары әлсіздігінен сот ғимаратына атыс қаруы мен суық қару, тіпті оқ-дәрілер алып кіріліп, сот процесіне, судьяға, қатысушыларға қауіп төндіріп, кепілге алу жағдайлары да болған.

Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін барлық мемлекет сот қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Бұл тек сот ғимараты мен ондағы азаматтардың амандығы үшін ғана емес, сонымен бірге мәртебелі орынның беделін сақтау үшін де аса маңызды.

Гүлжазира ТУЛЕУОВА,
Қаражал қалалық сотының аға сот приставы