Сот ғимаратындағы қауіпсіздік

Сот ғимаратына кірудің бұлжымас заңы, яғни, өз тәртібі бар. Сотқа жолы түскен әрбір азаматтың білуі тиіс қатаң сақталатын қағидалар бар. Олар: сотқа заңға қайшы келетін заттар әкелмеу, күзет қызметкеріне жеке куәлігін көрсету, сот мәжілісі залына сырт киімін шешіп кіру, ұялы телефонын өшіріп, күзет қызметкерлеріне тастау, сотқа шақырған уақыттан кешікпеу сынды міндеттер.

Сот ғимаратына өткізу және ішкі тәртіп туралы ереже Қазақстан Республикасы сот төрелігін іске асыру бағытын реттейтін заң нормаларымен сәйкестендірілген. Аталмыш Ереже – азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарының сот арқылы қорғалуын, судьялардың, сот қызметкерлерінің және сот үдерісіне қатысушы тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңмен белгіленген қоғамдық тәртіпті сақтау, сот әділдігін жүзеге асыру барысында сот қызметкерлеріне араласуды, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын деректердің алдын алу және болдырмау мақсатын көздейді. Жергілікті соттар ғимаратында рұқсатнама тәртібі мен қоғамдық тәртіпті сақтауды еліміздің ішкі істер министрлігінің мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері, сот жасауылы жүзеге асырады. Жұмыстан тыс уақытта сот ғимаратына кіру тәртібін күзет қызметкерлері қадағалайды. Сонымен қатар, судьялардың, сот қызметкерлерінің, іске қатысушылардың сот үдерісінен басқа кезде жолығулар болдырмау үшін рұқсатнама тәртібі қатаң сақталуы тиіс.
Сот ғимаратына келушілер, сот үдерісіне қатысушылар немесе сот төрағасының қабылдауына келгендердің жеке куәлігі, ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері, адвокаттар қызметтік куәлігімен және сот приставы жазған рұқсатнама, сотқа шақыру қағазы, хабарлама негізінде арнайы журналға тіркеліп жіберіледі. Келушілер осы ережелерді, күзет қызметкерлерінің немесе сот приставының өкілеттігі шегінде қойылған талаптарын орындамаған жағдайда, сондай-ақ, сот ғимаратына келу мақсатын айтудан бас тартса, сот ғимаратына жіберілмейді.
Қазіргі күні сот ғимаратына келушілер — ғимаратқа кірер алдында күзет қызметкеріне, сот приставына өзінің сотқа келу мақсатын айтуға, өзінің жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуге немесе сотқа шақыру қағазын көрсетуге тиісті. Сотқа келген негізі анықталғаннан кейін өту үшін жеке тексеруден өтуге, қолындағы заттарын, яғни, сөмке, пакеттерін тексертіп, ұялы телефондарын сөндіріп, барлық заттарын сақтау камераларына тапсыруы тиіс.
Сот приставтарының атқарар міндеттеріне тоқталар болсақ, олар: сот отырысы кезінде мәжіліс залында сот ғимаратында қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылау және судьяға құрметтемеушілік білдірген сотқа қатысушы азаматтарға қатысты хаттама толтыру, судьяның ұйғарымы негізінде сотқа келуден жалтарып жүрген азаматтарды еріксіз келтіру шараларын қолдану, азаматтардың сот ғимаратына кіріп-шығуы рұқсатнама режимін бұзбау, барлық сотта өрт сөндіру құралдарын тексеру, өрт болған жағдайда азаматтарды көшіру, айдауыл бөлім қызметкерлерімен бірігіп өзара іс-қимыл жасау.
Қаражал қалалық сотында кіріп-шығу ережесі қатаң түрде сақталуда.

Индира Төлеубай,
Қаражал қалалық сотының
жетекші маманы.