SММ әлеміне қадам

Қаражал қаласында Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған SMM курсы өз мәресіне жетті. Қаражал қалалық әкімдігінің қолдауымен өткен бұл курстың түлектеріне арнайы сертификаттар салтанатты түрде табысталды. Оқу жобасы «Кәсіпкер әйел» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, өңірдегі кәсіпкер әйелдердің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік ашты.

Курс барысында қатысушылар әлеуметтік желілерде бизнесті ілгерілетудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, маркетинг саласындағы маңызды практикалық дағдыларды игерді. Бұл білімдер олардың болашақта жеке кәсіптерін дамытуына, бәсекеге қабілетті болуына және өңір кәсіпкерлігінің өркендеуіне үлес қосатыны атап өтілді.

Салтанатты шарада алғашқы құттықтау сөзді Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова сөйлеп, тыңдаушылардың белсенділігі мен та бандылығын ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған осындай бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова да құттықтау сөз сөйлеп, «Кәсіпкер әйел» құралы шеңберінде ұйымдастырылған бұл оқудың өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін нығайтудағы маңызына тоқталды.

Курс барысында қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, кәсіби білімін бөліскен бизнес-тренер, эксперт Гульнара Загирова алған білімді тәжірибеде тиімді қолдануға шақырды. Ол қазіргі цифрлық дәуірде сапалы SMM кез келген кәсіптің тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі құралдардың бірі екенін атап өтті.

Жалпы, курсқа қатысқан 54 тыңдаушы оқу бағдарламасын толық аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды. Бұл олардың SMM саласындағы жаңа білім мен дағдыларды сәтті меңгергенін дәлелдеді.

Курс қатысушысы Диана Алтаева өз сөзінде:

— Бұл курс маған тек жаңа дағдылар беріп қана қойған жоқ, сонымен қатар, өз кәсібімді дамытудың нақты жолдарын көрсетіп, сенімділік сыйлады. Алдағы уақытта алған білімімді іс жүзінде қолдана отырып, бизнесті жаңа деңгейге көтеремін, — деп бөлісті.

Салтанатты рәсім соңында барлық түлектер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жаңа білімдерінің кәсіби жолдарында маңызды қадам болғанын атап өтті.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ