«Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Өркен-Атасу» өкілдігіне қарасты «Батыс Қаражал» шахтасы талай шахтердің жүріп өткен жолына, тағдыр-тарихына айналды. Осы шахтада еңбегімен ер атанған кеншілер де аз емес. Кен ұңғылау жұмыстарында ұжымымен бірге айлық жоспарды ойдағыдай орындап, шахтер мамандығының қадірін арттырып жүргендердің бірі – ұңғылаушы Нұрбол Көзжанов.
Қайсарлық пен өр мінез – адам бойындағы асыл қасиеттердің ең биігі десек, «Батыс Қаражал» шахтерлерінің қайсысын алсақ та, жаратылысы бөлек, білектің күшімен кен қазған от кеуделі қайсар жандар.
Нұрбол Төлеубайұлы өндіріске осыдан 13 жыл бұрын келген болатын. Ол кезде «Батыс Қаражал» шахтасы кешегі оңтайландыру жылдарынан кейін ырғақты жұмысқа көшіп, қарқын алып келе жатқан уақыт. Еңбек жолын ұңғылаушының көмекшісі жұмысынан бастаған. Бір жыл көмекші-үйренуші болып жүріп өндіріс жанындағы арнаулы курста ұңғылаушы мамандығына оқыды. Өзінің еңбекқорлығының, жұмысын аяқсыз қалдырмай, келесі ауысымға орнын таза күйінде тапсыратын, жұмысқа жауапкершілігінің арқасында өз алдына жеке ұңғылаушы болып ауысады. Владимир Гуреев деген тәлімгерден түлеп ұшып, шахтер кәсібінің қыр-сырына қанық болып шығады. Әлі күнге дейін ұстазына шын ризашылығын білдіріп, әр жетістігінің артында ол кісінің еңбегі жатқанын айтады.
– Мен негізі ауылдың баласымын. Жаңаарқа ауданының Қылыш ауылында туып-өстім. Әкем осы совхозда жылқышы болды, анам жылқы сауды. Бастауыш мектепті осы ауылда бітіріп, 5 сыныпты Қаражал қаласындағы интернатта жатып оқыдым. Осы жерде 9 сыныпты бітіріп, сол кездегі кәсіби учелищеде электр-газбен дәнекерлеуші мамандығына оқып, мамандық алдым, – деп өткен жылдарды есіне алды Нұрбол.
Еңбек жолын Жәйрем кен байыту комбинатында дәнекерлеуші болып бастаған Н.Көзжанов комбинаттың жұмысы тоқыраған жылдарға дейін жемісті еңбек етті. Азды-көпті тәжірибе жинақтап, өз ісімен өзгелерге үлгі бола бастады. Алайда, оңтайландырудың салқыны комбинатты тұралатып тынды. Ел өзге аймақтарға жұмыс іздеп кетті. Нұрбол да Қаражалдағы түрменің қоймаларына күзетші болып жұмысқа тұрды. Сол жерде 2012 жылға дейін еңбек етіп, нәпақасын тапты.
– 2012 жылы «Батыс Қаражал» шахтасына жұмысқа тұрудың сәті түсті. Сол сәтте менен бақытты адам болмағандай күй кештім. Осы өндірісте табан аудармай еңбек етіп келемін. Еңбегім жеміссіз де емес. Бірнеше рет марапат та алдым. «Еңбек үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Алдыма мақсаттар қойып, ақырындап ойлаған ойыма жеттім. Бірнеше жас мамандарға тәлімгер де болдым. Қазір Нұрым деген жігітті тәрбиелеп, үйретіп жүрмін, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Жастық шағынан жұмысына беріліп, әр тапсырманы адал әрі тиянақты орындап жүретін қызметкер ұңғылаушы санаттарына тапсырып, озық қызметкерлердің қатарына қосылады. Уақыт өте кәсіби мерекелерінде Құрмет грамотасымен марапатталып келеді. Бұл да еңбекқорлықтың, кәсіпке адалдықтың тағы бір үлгісі.
– Қара жұмыс мені қажытқан емес. Қайта шыңдай түсті. Біздің шахтада бұрғылау жұмысы өзгелерге қарағанда бөлектеу. Біз негізі қол бұрғымен бұрғылаймыз. Және бұрғылайтын шпурлар да жұмыс циклына қарай әртүрлі болады. Оннан он жеті шпурға дейін бұрғылаймыз. Оларды дәріліп, аттырамыз. Алдыңғы ауысымда аттырылған кенді тиеп, жұмыс орындарымызды жинақтап, дайындаймыз. Осылардың бәрі бізден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Таңертең ауысымға келісімен шпурларды тексеріп, аттырылған жерлердің ауасын тазартамыз, бұрғыларымызды, шлангаларымызды қарап, тазалап аламыз. Жұмысты бәрі қауіпсіз жағдайға келді деген кезде бастаймыз, – дейді ол өз жұмысының тәртібі жайлы да әңгімелей келіп.
Нұрболдың айтқандарынан ұққанымыз, кенді ұңғитын да, оны аттырып, вагондарға тиейтін де өзі. Осы арқылы ауысымдық тапсырмаларын абыроймен орындап, әріптестері арасында үлгі болып жүр.
Тағы бір айта кетерлігі, Нұрболдың бауырлары да осы шахтада еңбек етеді екен. Ағасы Байболат Көзжанов 2008 жылдан бері «Батыс Қаражал» шахтасында аттырушы болып еңбек етіп келеді. Ал, оның ұлы Еламан Төлеубаев әскерден келген соң әкесі мен ағасының жолын қуып, шахтаға жұмысқа тұрған. Қазір бұрғылаушы болып еңбек етіп жатыр. Осы тұрғыдан келгенде Көзжановтарды «кеншілер әулеті» деп атауға әбден лайық.
Еңбек адамының ақтарыла айтқан әңгімесін тыңдай бергің-ақ келеді. Әр сөзінде мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керек екенін меңзейді. Негізі, шахтерлердің жұмыс барысы көбіне бір сарынды болғанмен, олардың бір-біріне ұқсамайтын тағдыры, еңбек жолы бар. Әрбірінің шыққан белесі әртүрлі. Әлі күнге дейін еңбегінде оза келе жатқан Нұрбол Көзжанов та солардың қатарында.
Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ