Үш жылдағы қарқын: бүгінгі міндет және алдағы межелер

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кең көлемді баяндама жасап, өңірдің негізгі жетістіктері мен қордаланған мәселелеріне тоқталды. Елдің әр түкпірінен онлайн және оффлайн қатысқан журналистер облыстың даму қарқынына қатысты өзекті сауалдарды ортаға салды.

Экономика: өсім бар, бағыт айқын

Облыс әкімі ұсынған жыл басынан бергі мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың жалпы өңірлік өнімі 1 трлн теңгеге жетіп, 1,1 пайыздық өсім көрсеткен. Жан басына шаққандағы көрсеткіш – 4,6 млн теңге. Экономикалық белсенділіктің артуы өңір бюджетінің кірісін 20%-ға, яғни, 29,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берген.

Экономиканы әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде былтыр 34 млрд теңгенің 9 жобасы іске қосылды. Ал биыл құны 138 млрд теңге болатын 17 жоба жүзеге асырыла бастады. Оның ішінде облыс үшін стратегиялық маңызы бар мұнай базасы, жел электр станциясы, респиратор шығаратын зауыт толықтай аяқталып отыр.

2028 жылға дейінгі кезеңде жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 25 ірі инвестжоба пулына қол қойылған. Бұл – кемінде 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз.

Индустрия және бизнес: жаңа аймақ, жаңа серпін

Сәтбаев қаласында құрылып жатқан индустриялық аймақ өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған. Қазірдің өзінде жалпы құны 5 млрд теңге болатын үш жоба дайындалуда. Инфрақұрылымы биыл салынып, келесі жылы толық аяқталады. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«Атамекен» ҰКП жүргізген ұлттық рейтингте Ұлытау облысы шағын бизнес жүргізуге ең қолайлы үш өңірдің қатарына енді. Жас кәсіпкерлерге биыл 195 грант берілген.

«Ауыл Аманаты» жобасы аясында тек биылдың өзінде 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды. Облыс құрылғаннан бері ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция 8,5 млрд теңгеге жетсе, оның 2,5 млрд теңгесі — осы жылдың үлесінде. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 46% өсім.

Білім және денсаулық: инфрақұрылым жаңғыруда

Президент тапсырмасына сай өңірге аса маңызды бастама – Ұлытау техникалық университетін ашу жұмысы басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандумға сәйкес, университет тау-кен металлургия саласына маман даярлайтын, екі елдің — Қазақстан мен АҚШ-тың дипломын беретін оқу орнына айналмақ.

Құрылғанына үш жыл болған облыста денсаулық сақтау саласы да жүйелі жаңарып келеді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы 88%-ға жеткізілді. Соңғы екі жылда 333 жабдық сатып алынған, оның 96-сы биыл алынған.

Жыл соңына дейін Жаңаарқа, Ералиев және Жезді елді мекендерінде бірқатар денешынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылады.

Газдандыру және жол мәселесі: баяу болса да, алға жылжу бар

Облысты газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі деңгей – 9,1%, яғни, 20 мыңнан астам тұрғын табиғи газды пайдаланады. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 63 мың адамға жеткізу жоспарланған.

Жол саласында облыс құрылғаннан бері 549 шақырым автомобиль жолы мен 4 көпір жөнделді. «Қызылорда-Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмыстары көктемде басталып, төрттен бір бөлігіне асфальт төселді. Сонымен қатар, «Жезқазған-Қарағанды» бағытындағы күрделі мәселелер де ерекше назарда.

Журналистер көтерген мәселелер: шешімін күткен түйткіл көп

Баспасөз мәслихатының екінші бөлімі өңірдің қордаланған мәселелерін ашық талқылауға арналды. БАҚ өкілдері ауыз су тапшылығы, инфрақұрылымды дамыту, экологиялық ахуал, онкологиялық аурулар бойынша жағдай, кадр тапшылығы, қоқыс шығару, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы, тұрғын үй жетіспеушілігі сияқты түйткілдерді көтерді.

Онкологиялық аурулардың көбеюіне байланысты облыс әкімі 2548 науқас диспансерлік есепте тұрғанын айтып, көпсалалы аурухана жанынан 100 орындық жаңа корпус салынатынын мәлімдеді. Мұнда онкология және гинекология бағыттары дамытылып, радиациялық терапия бөлімшесі ашылады.

Қорытынды: жетістік бар, мін де жоқ емес

Екі сағатқа созылған жиын Ұлытау облысының бүгінгі тынысын жан-жақты ашып көрсетті. Үш жылдың ішінде атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен, шешімін күтетін мәселе де көп.

Әкім Дастан Рыспековтың айтуынша, облыс дамуының даңғыл жолы енді басталды. Нақты қадамдар жыл соңына дейін де, келер жылдары да жалғасатын болады. Өңірдің әлеуеті зор, бағыт айқын. Ендігі міндет — басталған істі жүйелі аяқтап, тұрғындардың өмір сапасын нақты жақсарту.