Үш қызғалдақ — Наурыздың жаңа символы

Мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші рөлін арттыру мақсатында Наурыздың бірыңғай логотипі де бекітілді. Наурыздың бірыңғай логотипі — үш қызғалдақ арқылы бейнеленген.

«Ата-бабаларымыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған. Қызғалдақты көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы мен тіршіліктің мәңгілік циклымен байланыстырады. Сондықтан, бұл таңғажайып гүл — Ұлы дала мерекесінің басты символы», — делінген тұжырымдамада.
Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, ел аумағы қызғалдақтың шығу және таралу орталығы саналады. Ғылыми деректерге сәйкес жабайы қызғалдақ осыдан 10 миллион жыл бұрын Қазақстанның оңтүстік аумағында пайда болған.
Қазір еліміздің аумағында қызғалдақтың 35 түрі өседі, олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Ерекше қызғалдақ түрлерінің ішінде Грейг пен Кауфман сорттары да бар.
«Логотиптегі үш қызғалдақ бейнесі қазақ халқы үшін қасиетті ұғымдарды меңзейді. Бұл көшпенді халықтың дүниетанымына, оның әлемдік құрылысқа деген ерекше көзқарасына байланысты. «Үш» саны қазақ үшін қасиетті саналады: үш жұрт (жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты), үш ғайып (ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып), үш қуат (ақыл, жүрек, тіл) және басқалары. Үш қызғалдақ уақыттың үш кезеңінің (кеше, бүгін, ертең) ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің қазіргі және болашақтағы мұрасын, сондай-ақ, туған табиғатқа деген терең құрмет пен үздіксіз кемелденуге деген ынтаны кескіндейді… Наурыздың бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын бейнелейді», – деген тұжырымдамада ұлы философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің «өткенді, тарихты білмей, қазіргі шақты білу, болашақты болжау қиын» деген сөзі басшылыққа алынған.
Логотипте қолданылатын түстер мен реңктер Ұлы даланың байлығын, оның алуан түрлілігі мен ырыс-берекесін, халқымыздың күші мен қуатын, ұлттың болашақ өзгерістерге деген оптимистік көзқарасын білдіреді. Жасыл түс өмірді, өсуді және жаңаруды білдіреді, ал қызғылт сары түс таң шапағының сұлулығы мен таңда туар шабытты білдіреді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ