Ұшқыр ойлы сайыс

Жәйрем кентіндегі №30 жалпы білім беретін мектебінің тарих, құқық пәнінің мұғалімі Раушан Аханның ұйымдастыруымен «Ұшқыр ой алаңы» атты іс-шара өтті.

«Жұмыс нарығында қалай бәсекеге қабілетті болуға болады?» деп аталған пікірсайысқа 9–11 сынып оқушылары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Аталған іс-шараны ұйымдастырған Раушан Ахан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағанын атап өтіп, еңбек нарығын дамыту мен жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға арналған ауқымды іс-шаралар мен реформалар туралы түсіндіріп берді.

Пікірсайыс барысында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мақсатында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар, жастардың бұл мамандықтарды таңдауының сирек болуының себептері, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалаудың қажеттілігі, қоғамда еңбекқор әрі нағыз маман болу идеясын насихаттаудың маңыздылығы талқыланды.

Оқушылар өз пікірлерін білдіріп қана қоймай, көтерілген мәселелерді талдап, ортақ талқыға салды. Сонымен қатар, қазіргі қоғам талабына сай қаржылық сауаттылықты арттыру, экономика негіздерін білу және қарапайым цифрлық дағдыларды меңгерудің маңызы ерекше екендігі айтылды.

Өз тілшімізден