Қаражал қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХV сессиясы мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанованың төрағалығымен өтті. Сессияға қала әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов, мәслихат депутаттары, Жәйрем және Шалғы кенттерінің әкімдері, Қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты. Тіркеу қорытындысы бойынша сайланған 10 депутаттың көпшілігі қатысып, кворум қамтамасыз етілді.
Сессияда бірнеше маңызды мәселе қаралды. Алдымен, № 6 сайлау округі бойынша өткен сайлау нәтижесінде депутат болып сайланған «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы» ЖШС директоры, «AMANAT» партиясының ұсынысымен Жалғасқан Құрмансейітов сессияға қатысушыларға таныстырылып, мандаты тапсырылды. Сонымен қатар, ол мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрамына енгізілді және «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі болды.
Күн тәртібіндегі ең салмақты мәселе – жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді талқылау болды. «Қаражал қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашалығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Марат Сатанов өз баяндамасында 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты, жобада Қаражал қаласында Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 726-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мөлшерлеменің мөлшерін 4 %-дан 3 %-ға төмендету көзделетінін айтты. Оның айтуынша, мөлшерлемені төмендету бизнес-ахуалды жақсартуға, салық жүктемесін төмендетуге, бизнесті заңдастыруға және кәсіпкерлік сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, жаңа Салық кодексі есептілікті электрондық форматта жүргізуді, автоматтандырылған тексерістерді енгізуді көздейді. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер бойынша жеңілдіктер қарастырылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қолдау күшейтіледі. Кодекс инвестиция тартуға және шағын бизнесті дамытуға бағытталған жаңа преференциялар енгізуді де жоспарлайды.
Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары өз құзыреттіліктерін пайдаланып, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қаражал қаласында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінің мөлшерлемесін 4%-дан 3%-ға төмендетті. Бұл шешім шағын және орта бизнеске үлкен жеңілдік береді.
Сонымен қатар, келесі кезекте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы №417 «Тұрғын үй қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 2025 жылғы 30 мамырдағы №187 ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен күші жойылуына байланысты, Қаражал қалалық мәслихатының 2025 жылғы 17 наурыздағы №248 «Тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» шешімінің күші жойылды.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
