Қаражал қалалық мәслихатының кезектен тыс XL сессиясы өтіп, оның барысында 2026 жылға арналған қала бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Сессияға депутаттар, қала әкімдігінің өкілдері және тиісті салалық бөлім басшылары қатысып, ұсынылған түзетулерді жан-жақты талқылады.
Бюджетті нақтылау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына және Ұлытау облыстық мәслихатының тиісті шешіміне сәйкес жүргізілді. Бұл – республикалық және облыстық деңгейлердегі нормативтік өзгерістерге байланысты жыл сайын орындалатын жоспарлы процесс болып табылады.
Алғашында Қаражал қаласының 2026 жылға арналған бюджеті 16,1 млрд теңгеден астам көлемінде бекітілген еді. Алайда, облыстық бюджеттен бөлінетін даму трансферттерінің азаюына байланысты кіріс бөлігі 461 млн теңгеге төмендеді.
Даму трансферттерінің қысқаруы аймақтық деңгейде қаржыландыру басымдықтарының қайта қаралуымен түсіндірілді. Сессия барысында депутаттар трансферттердің кесілу себептеріне қатысты сұрақтар қойып, қала әкімдігі мен салалық бөлімдерден толыққанды түсіндірмелер алды.
Кірістердің азаюы шығыстар бөлігін де қайта қарауды қажет етті. Осыған сәйкес шығыстар көлемі де дәл 461 млн теңгеге қысқартылды. Қысқарту Қаражал қаласының құрылыс бөлімі арқылы жүзеге асырылып, Жәйрем кенті мен Қаражал қаласын газбен жабдықтау желілерін салу, сондай-ақ, «Жәйрем» АГТС мен газ құбыры тармағын салу жобалары бойынша қаржыландырудың белгілі бір бөлігі кейінге шегерілді. Бұл жоба аймақ үшін стратегиялық маңызға ие болғанымен, қаржыландырудың уақытша қысқаруы оның кезең-кезеңімен жүзеге асырылуына әсер етті. Құрылыс бөлімі аталған жұмыстардың тоқтамайтынын, тек мерзімдердің қайта белгіленгенін атап өтті.
Сессия қорытындысы бойынша Қаражал қаласының 2026 жылға арналған нақтыланған бюджеті бірауыздан мақұлданды. Енгізілген өзгерістердің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес келеді. Депутаттар бюджет қаражатын басқаруда ашықтық пен тиімділік қағидаттарын сақтау маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта облыстық деңгейден қосымша қаражат тарту мүмкіндіктерін қарастыру туралы ұсыныстар айтылды.
Қабылданған бюджет өзгерістері қала үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарды қысқартпай, керісінше, даму жобаларын оңтайландыруға бағытталды. Қала әкімдігі мен мәслихат экономикалық жағдайдың өзгеруіне қарай бюджетке қажетіне қарай қайта түзетулер енгізуге дайын екенін жеткізді. Бюджетті нақтылау — қала дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған жүйелі қадам болып табылады.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихатының депутаты

