Сенімхаттарды да онлайн куәландыруға болады

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Онлайн нотариаттық кеңес беру» қызметін енгізді. Енді нотариаттық кеңес алу үшін қазақстандықтарға тек смартфон және интернетке қолжетімділіктің болуы жеткілікті. Осылар болса болды, азаматтар табан тоздырып нотариустың кеңсесіне бармай-ақ, онлайн-кеңес, нотариаттық іс-әрекетке қатысты құқықтық сұрақтарына жауап ала алады.
Бүгін біз онлайн нотариалдық қызметтерді қалай алуға болатыны жөнінде Ұлытау облысы нотариалдық палатасының нотариусы Айнаш Жаналиноваға хабарласып, әңгіме өрбіткен едік.

– Айнаш Шайхсламқызы, нотариустың кеңесін онлайн қалай алуға болады? Әңгімемізді осыдан бастайықшы.
– Цифрландыру дәуірі белең алған қазіргі уақытта кез келген қызмет түрін қашықтықтан (онлайн) алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл үрдістен нотариаттық қызмет те қалыс қалып отырған жоқ. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Онлайн нотариаттық кеңес беру» қызметін енгізді. Бұл қызметті алу үшін сізге eGovMobile қолданбасында авторизация жасауыңыз керек. Одан кейін «Е-нотариат» бөлімінде «Онлайн кеңес беру» қызмет типін таңдап, өтінімді толтырасыз. Әрі қарай, бейнеқоңырау арқылы кеңес алу үшін өзіңізді толғандырған сұрақтарыңызды қоя беріңіз.
Әрине, қызмет ақылы Нотариаттық қызметке танымал мобильді банкинг қосымшалары арқылы (нотариус­ресімдеу үшін екінші деңгейлі банктің мобильді қосымшасында шот шығарады, клиент хабарлама алады және төлейді) 1 айлық есептік көрсеткіш АЕК көлемінде ақша төлейсіз.
Бұл қызметті өтініш берген кезде қолжетімді кез келген нотариус ұсына алады. Сондай-ақ, цифрлық сенімхатты да қағаз түріндегі аналогымен бірге барлық мемлекеттік органдарда немесе сұратқан орындарда ұсынуға болады.
– Осы сенімхат жайында тарқата айтып берсеңіз. Онлайн сенімхатты қалай ресімдеуге болады?
– Нотариалды куәландырылған сенімхат азаматтарға eGov арқылы қолжетімді. Цифрлық деп аталатын сенімхат клиент пен нотариус арасындағы бейнебайланыс арқылы онлайн режимде ресімделеді. Цифрлық сенімхат ресімдеу үшін де сізге eGov Mobile қолданбасында авторизация жасауыңыз қажет. Одан кейін өтінімді толтырып, және оған электрондық цифрлық қол (ЭЦҚ) арқылы қол қоясыз. Жеке басын растау үшін қолданбадан нотариусқа бейнеқоңырау шаласыз. Нотариаттық қызметке белгіленген тариф бойынша ақы төлейсіз. Осылардың бәрін рәсімдеген соң «Цифрлық құжаттар» бөлімінде цифрлық сенімхат аласыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, цифрлық сенімхатты қағаз түріндегі аналогымен бірге барлық мемлекеттік органдарда немесе сұратқан орындарда ұсынуға болады.
– Сенімхаттардың барлық тү­рін онлайн куәландыруға бола ма, әлде?…
– Қазіргі уақытта онлайн режимінде көрсетілетін нотариаттық қызметтердің тізімі кеңейтілді, егер бұрын жобаның бірінші кезеңінде сенімхаттардың тек үш түрі онлайн түрде ресімделсе, қазір мүлікті басқарумен байланысты сенімхаттардан басқа барлық түрлері eGov арқылы электронды түрде қол жетімді.
– Жақсы екен. Енді осы сенімхат деген не екенін ашып айтып бер­сеңіз. Ол кімге және не үшін бе­ріледі?
– ҚР Азаматтық кодексінің 167 бабына сәйкес, бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уәкілдігі сенімхат деп танылады. Сенімхат мәмілелерін жасауға, сондай-ақ, заңды маңызға ие басқа да іс-әрекеттерді жасауға қатысты беріледі.
Сенімхат – біржақты мәміле болып табылады, осыған байланысты оны нотариустың куәландыруы мәмілелерді куәландырудың жалпы ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Сенімхаттарды куәландыру барысында заң нотариусқа сенім білдірушілерге олардың атынан берілген сенімхаттың құқықтық салдарын түсіндіру міндеттемесін жүктейді, яғни, сенім білдірушілер оларға берілган уәкілеттіктердің көлемі мен сипаты туралы білулері қажет.
– Сенімхат берушілердің жас ерек­шеліктері жайлы не айтар еді­ңіз?
– Сенімхат бойынша сенім білдірушілер болып жеке, сондай-ақ, заңды тұлғалар танылады. Егер жеке тұлғалар толық әрекет қабілеттілікке ие болса (бұл жерде 18 жасқа толған азаматтар толық әрекет қабілетті деп танылады), сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар ҚР Азаматтық кодексінің бабымен көзделген реттерде (некелесуге рұқсат етілген) деп танылып, сенімхат білдіру құқығына иеленеді. ҚР АК 22 бабы 2 тармағына сәйкес 14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар сенімхатты куәландыруды тек заңды өкілдердің, ата-аналарының, асыраушыларының немесе қамқоршыларының келісімі негізінде жүзеге асырады.
Әрекет қабілеттіліктері шектелген азаматтар бойынша уәкілеттілікті тек қамқоршылар келісімі негізінде бере алады.
Құрылтай құжаттары негізінде әрекет етуші заңды тұлғалар өздері ондай құқық қабілеттілікке ие болған жағдайда, яғни, тиісті тәртіппен тіркелген кезде сенімхат беруге құқылы. Мұндай сенімхат бойынша әрекет ететін заңды тұлға органның немесе оның лауазымды адамының өкілеттіліктері заңды тұлғаның құрылтай құжаттары негізінде анықталады. Сол үшін сенімхатта өкіл тек заңды тұлға ретінде көрсетілуі тиіс.
– Сенімхат берудің тиісті шектеулері бар ма? Кімдер мәміле жасай алмайды?
– ҚР АК 163 бабының 5 тармағына сәйкес сенімхаттарды куәландыру барысында өкілдің тек жеке өзіне қатысты, сонымен бірге, өзі өкіл болып табылатын басқа адамға қатысты да өкілдік берушінің атынан мәміле жасай алмайтындығы туралы норманы естен шығармаған жөн. Мысалы, ерлі-зайыптылардың біреуі сенімхат бойынша өкіл болып және сенім білдіруші атынан өз жұбайының атына мүлік сатып алуы жөніндегі сенімхатты нотариус куәландыра алмайды. Бұл шектеу ерлі-зайыптылардың некелі мерзімдегі алынған мүлік олардың ортақ меншігі болғандықтан белгіленген.
– Сенімхаттар қандай жағдайда міндетті түрде куәландырылуы керек? Және оның кесімді мерзімі бар ма?
– Сенімхат жазбаша нысанда жа­салуы тиіс. Нотариаттық тәртіппен куәландыруды қажет ететін мә­мілелерге қатысты сенімхаттар жә­не сенім ауысуы (передоверие) тәр­тібімен берілетін сенімхаттар мін­детті түрде нотариаттық негізде куә­ландыруды қажет етеді.
Сенімхат үш жылдан аспайтын мер­зімге берілуі мүмкін. Егер сенімхат­та неғұрлым ұзақ мерзім көрсетілсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзімі көрсетілмесе, берілген күннен бастап, бір жыл бойы жарамдылық күшін сақтайды. Берілген күні көрсетілмеген сенімхат жарамсыз болып табылады. Сенім ауысу негізінде берілген сенімхаттың мерзімі алғашқы сенімхат мерзімінен артық бола алмайды.
– Сенімхатты тоқтату мерзімі жайлы айтсаңыз.
– ҚР АК 170 бабында сенімхаттың тоқтатылу негіздері көрсетілген:
-сенімхат мерзімінің өтуі; сенімхатта көзделген әрекеттің жүзеге асуы;
-сенімхат беруші адамның оның күшін жоюы;
-сенімхат берілген адамның одан бас тартуы;
-өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;
-сенімхат берген адамның қайтыс болуы;
-сенімхат берілген адамның қайтыс болуы.
– Сенімхаттарды онлайн куәландыру қай уақыттан бері қолданыста? Әңгімені осымен түйіндесек.
– 2023 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Қашықтан (онлайн) сенімхат беру» қызметін енгізді, енді сенімхат алу үшін қазақстандықтарға тек смартфон және интернетке қолжетімділіктің болуы жеткілікті. Десек те, нотариуспен қашықтан (онлайн) сенiмхат беру әзірше тек жекелеген түрлеріне, яғни, мүлiкке билiк етуге байланысты өкiлеттiктердi қоспағанда, барлық құзыреттi органдарда мүдделердi бiлдiруге, мұрагерлік iстердi жүргiзуге, соттарда мүдделердi бiлдiруге ғана жасалынады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай Белгібайұлы.