Сенат депутаттарымен кездесу

Жаңа жылдың алғашқы күндері жағымды кездесулермен басталды. Қаражал қалалық мәслихатында ҚР Парламент сенатының депутаттары Серік Жаманқұлұлы Шайдаров пен  Советбек Медебаевпен кездестік. Кездесуге Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, орынбасарлары Досбол Құлымбетов, Ақжол Құрмансейіт, мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, «AMANAT» партиясынан сайланған Қаражал қалалық мәслихат депутаттары Айгүл Мауленина, Марлан Шамбулов,   Жұмакүл Ахметова, «Ауыл» партиясынан сайланған қалалық мәслихат депутаты Берік Шікіров және жергілікті мекеме басшылары қатысты.

Мәслихат депутаттарымен кездесуге дейін сенат депутаттары жеке қабылдау өткізіп, сұрақтары бар жергілікті бірнеше белсенді азаматтармен жүздесті.

Жеке қабылдауда болған азаматтар Қаражал-Жәйрем өңірінің ең өзекті проблемаларын, нақтырақ айтсақ, Қаражал-Жәйрем өңірін техникалық сумен жабдықтау, автомобиль жолдарын жөндеу, қаланың коммуналдық меншігіне электр желілерін қайтару мәселелері, интернет желісін қолға алу,  сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу және міндетті әлеуметтік медициналық жарналар мәселесі бойынша ҚР заңнамасына өзгерістер енгізуді қарастыруды қозғады.

Қаражал қалалық мәслихатының Жәйрем кентіндегі депутаттары Жәйрем кентіне өрт сөндіру депосын қаржыландыру, кентке өңірлік көп бейінді емхана салу мәселелерін қозғаса, қаражалдық депутаттар Қаражал қаласындағы Станционная шағын ауданына мектеп пен балабақша салу қажеттілігін, Қаражал-Атасу жолын жөндеу керектігін және т.б. жеткізді.

Өз кезектерінде сөз алған сенаттық депутаттар Қаражал-Жәйрем халқы көтерген мәселелердің оң шешімі табылуына көмек жасайтындықтарын, ҚР Парламенті қабырғасында тиісті министрліктерді шақыра отырып кеңес ұйымдастырылатынын айтты.

Көп маңызды мәселе талқыланған әсерлі кездесу болды.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,

Қаражал қалалық мәслихат

депутаты.