Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті жұмысының қорытындылары туралы: мемлекеттік тапсырысты іске асыру қорытындылары және тауарды қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық” тақырыбында брифинг өтті

Ұлытау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында “Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті жұмысының қорытындылары туралы: мемлекеттік тапсырысты іске асыру қорытындылары және тауарды қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық” тақырыбында брифинг өтті.

Брифингке Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау Департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Дәулетбаев пен Ұлытау облысы бойынша “Кеңес” ЖҚБ АҚ өкілі Айым Мусина қатысты.

“Қазіргі таңда Департаментке 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты барлығы 444 өтініш түскен. Аталған көрсеткіштер – тұтынушының таңдау деңгейінің артуын білдірсе, екінші жағынан – жосықсыз кәсіпкерлік қызметтің өсуін көрсетеді.

Түскен шағымдардың ең көп үлесі: Жедел желі және телеграмм бот –211;

Жазбаша, яғни Е-өтініш порталы – 199; Басшының азаматтарды қабылдауы – 34;

Сонымен қатар 21 тамыз 24 қыркүйек айлары аралығында коррупция Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілгендігін атап өткім келеді. Қазіргі таңда облыс төңірегінде әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларына баға тұрақты. Бұл департаменттің әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларына  бағасының өсуін тежеуді бақылау құралдарын тиімді іске асыру есебінен қамтамасыз етілді.

2024 жылда департаментпен электрондық шот фактураларға талдау жүргізіліп және Ұлытау облысы әкімінің өкіміне сәйкес құрылған Ұлытау облысы бойынша азық-түлік бағаларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссия қатысушыларының қажырлы еңбегінің арқасында, әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарына сауда үстемесінің мөлшерін негізсіз арттырған барлығы 294 кәсіпкер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 204-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларына заң бұзушылықтардың басым бөлігі сүзбе, күнбағыс майы, жұмыртқа, тауық еті, қант және рожки өнімдеріне анықталған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында жария шарт жағдайында тауар өткізу кезінде тауарлардың баға жапсырмаларын орналастырмаған 56 жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 193-бабы 4-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылып, қысқартылған түрінде 627 640 теңге көлемінде айыппұл өндірілген”,-деді Ж. Дәулетбаев.

Айым Мусина: “Бүгінгі брифингте тауарды қайтару бойынша қадамдық нұсқаулық және мемлекеттік тапсырысты іске асыру қорытындыларын шығару сияқты мәселелерді талқылағым келеді.

«Егер сіз қалай әрекет ету керектігін білмесеңіз, өнімді қайтару қарапайым іс-әрекет дегім келеді. Яғни:

Өнімнің пайдаланылмағанын және өз қаптамасында екенін тексеріңіз. Егер зат сәйкес келмесе немесе ұнамаса оны 14 күн ішінде қайтаруға болады.

Түбіртек пен кепілдік құжатын сақтаңыз. Бұл құжаттар сатып алуды растайды.

Талапты жазбаша түрде көрсетіңіз және дүкенге шағымданыңыз. Бұл сіздің мәселені ресми түрде түзетуге көмектесетін алғашқы қадам. Өтініште ақшаны қайтаруды немесе тауарды айырбастауды талап етіңіз.

Егер тауардың ақауы болса, тауардың ақауы бар екенін көрсетіңіз. Сатушы ақшаны қайтаруға немесе ауыстыруға, тауардың сатып алу құнының мейлінше төмендетуіне міндетті»

«Егер сатушы затты кері қабылдаудан бас тартса немесе Сіздің құқықтарыңызды бұзса, бірнеше әрекет бар:

Тұтынушылардың құқықтарының сақталуын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарласыңыз – бұл сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті немесе тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері.

Егер жағдай бейбіт жолмен шешілмесе, сіз сотқа жүгіне аласыз. Мұны істеу үшін сіз өзіңіздің талабыңызды растайтын барлық құжаттарды — түбіртектерді, тауарлардың фотосуреттерін және дүкенмен арадағы хабарламаларды жинауыңыз керек”. Ай сайын Жезқазған және Сәтбаев қалаларының дүкендері мен супермаркеттерінде қоғамдық бақылаулар жүргізіледі, бақылау барысында жарамдылық мерзімі өткен өнімдер, тауарды таңбалаудың болмауы, баға белгілерінің болмауы, тауар туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпараттың болмауы, тұтынушылардың бұрыштарының болмауы анықталды.

Қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша Ұлытау облысында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті кәсіпкерлік субъектілерін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 193-бабы 4-тармағына және 190-бабы 5-тармағының 1-тармақшасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жезқазған қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша кәсіпкерлер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.