Жәйрем халқының айналада болып жатқан өзгерістер мен кемшіліктерге бей-жай қарамайтыны көңілге қуаныш ұялатады. Туған жерін, елін, оның халқын құрметтеу әрбір елжанды азаматтың парызы деп білсек, ал әруақты сыйлау әр мұсылманның ең керемет қасиеті.
Осыдан үш жыл бұрын қолымызға мандатымызды алып, бірінші Алланың, екінші халықтың қалауымен «AMANAT» партиясы атынан сайланған депутаттық қызметімізге кіріскенімізде жеке қабылдауыма ең бірінші болып ауылымыздың сыйлы ақсақалдарының бірі – Төлеубек Мұстафаев келіп, өзінің бір өтінішін жеткізіп еді. Ол кісінің өтініші — Жәйрем кентінің шығысында орналасқан мұсылмандар қорымын қоршау болатын.
Айтылған өтініш әрі қарай кент әкімі Қайрат Жансағымовқа жеткізіліп, жергілікті депутаттардың назарына ұсынылған болатын. Кент әкімі Қайрат Жансағымов:
– Ия, бұл мәселе бұрыннан көтеріліп жүрген. Кентіміздің шығыс жақ беткейіндегі мұсылмандар қорымы орналасқан жер Жәйрем кентіне тиесілі болмағандықтан, аталған мәселені шешуге қаражат бөлуге мүмкіндік болмайтын. Қаншама келіссөздер жүргізу арқылы аталған жер Жәйрем кентінің меншігіне өтетін болғандықтан, биыл 15 млн. қаржы бөлініп, 2000 шаршы метр жер қоршауға алынды. Жұмысты атқарған жергілікті мердігер «Perfect design» ЖШС, – дейді.
Сонымен қатар, ауылымыздағы христиандар қорымы орналасқан жер де Түгіскен елді мекеніне қарасты болғандықтан, жергілікті православие дін өкілдерінің де көтеріп жүрген мәселесін шешуге мүмкіндік болмай тұр. Алайда, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта шешімі табылып, ол жердегі қорым да қоршалады.
Ауылдың жанашыр ақсақалы Төлеубек Мұстафаев:
– Алланың қалауымен ауылымыздың шығысындағы үлкен қорым шарбақпен қоршалды. Осы уақытқа дейін қыбырлаған жанның бәріне қолжетімді болып тұрған қорымға өріске жайылған малдар үйір болып алып, бейіттерге сүйкеніп, қабырғаларын құлатып, тезектерін шашып, әбден қиындық туғызып еді. Көптеген ескі бейіттердің қоршаулары құлап, мүрделер ашылып қалғанын көрдік. Содан ауылымыздың имамы Марғұлан Балтабайұлы екеуміз және де ауыл азаматтары бар, бәріміз бірігіп, қорым ішін аралап, біраз мүрделердің бетін жапқан болатынбыз.
Бірақ, ол әрекетіміз көтеріп жүрген мәселемізді түбегейлі шешпейтін болғандықтан, жергілікті мәслихат депутаттары Гауһар Наурызбаева мен Данияр Жақсыбековтың және кент әкімі Қайрат Жансағымовтың жеке қабылдауларында болып, осы мәселені қайта-қайта көтеріп жүрдім. Аллаға шүкір, сол еңбегім ақталып, көптен күткен арманыма биыл қолым жетті. Ашық-шашық жатқан қорым толықтай қоршалды. Өзім барып, басынан аяғына дейін бақыладым. Бұл жұмысты ұтып алған жергілікті азаматтар бар жұмысты адал істеді.
Осы жұмысқа атсалысқан «AMANAT» партиясының депутаттары мен кент әкімі Қайрат Жансағымовқа халық атынан алғысымды айтамын. Дендері сау болып, бала-шағаларының қызығын көрсін, – деп ризашылығын білдірді.
Қазақ халқы «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Осы сөздің астарында үлкен мән жатқаны белгілі. Себебі, әруақты құрметтеу мен оған тиісті дұғаларын жасау, осы дүниедегі қолдан келген амалдарды жүзеге асырудың өзі баға жетпес сауапқа кенелтетіні белгілі.
Сауапты іс жасаудан қажымайық, ағайын! Депутат болу – халықтың үні болу. Олай болса, халықтың үні ғана емес, ашық аспанда күн шашатын нұры да болуымыз керек.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихатының депутаты.