Сарысу жағасындағы достық пен табиғат мерекесі

Таңсәріден Сарысу өзенінің жағасында ерекше бір сергектік пен ұйымшылдықтың лебі сезілді. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ кәсіподағының бастамасымен ұйымдастырылған дәстүрлі балық аулау сайысы биыл да жоғары деңгейде өтті.

Табиғат аясындағы бұл шараға үш адамнан тұратын 30 команда, 7 ардагер және кәсіподақ қызметкерлері қатысты. Бұл – тек балық аулау емес, шынайы демалыс пен ұжымдық рухты нығайтатын маңызды шара болды. Сайыс басталар алдында самаурын қайнап, дастархан жайылып, қатысушылар қармақтарын сайлап, өз орындарын иеленді. Кәсіподақ төрағасы Мүбәрак Кәрібаев пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, шараны ресми түрде ашты.

Балық аулау барысында ерекше сәттер көп болды. Мамандарды оқыту және дамыту бөлімінің оқытушысы Нұрбол Шабденов 2,5 кг шортан ұстап, «Ең ірі балықты аулаушы» атанды. Ол өз әсерімен бөлісіп: — Балық аулау – мен үшін жай хобби емес, жан тыныштығы. Осындай шарада үлкен шортан ұстап, марапатқа ие болу – үлкен қуаныш. Ең бастысы – ұжыммен бірге болу, табиғат аясында демалу, – деді.

Бірнеше сағатқа созылған әсерлі жарыстың нәтижесінде І орын – «Жәйрем» кенішінің командасына бұйырса, ІІ орынды энергия цехы, ІІІ орынды көліктер цехы алды. – Біз бұл сайысқа үлкен дайындықпен келдік. Әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істеп, жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Мұндай шаралар ұжымдық рухты арттырады. Біз үшін бұл – тек сайыс емес, табиғатпен үндесу. Бірге жұмыс істейтін әріптестермен табиғат аясында уақыт өткізу – ерекше сезім, – деді «Жәйрем» кенішінің шебері Ғалымжан Досов.

Осы жарысты асыға күтетін комбинат ардагерлерінің арасында І орынды Оспан Мамбеталин, ІІ орынды Шахан Түсіпов, ІІІ орынды Валерий Конных иеленді. – Жас кезімде балық аулау – менің сүйікті ісім болатын. Бүгінгі сайыс сол күндерді еске түсірді. Ардагерлер үшін мұндай шаралар – өмірге қуаныш сыйлайды. Табиғатпен қауышу – жанға шипа, жеңіс – мен үшін үлкен мәртебе. Балық аулау – сабыр мен шеберлікті талап етеді. Жүлде алғаныма қуаныштымын, бірақ, ең бастысы – жақсы адамдармен бірге болу. Қазіргі таңда зейнетте болсақ та, кәсіподақ ұйымы бізбен тығыз байланыста. Жылына екі рет балық аулау жарысына шақырады. Биыл қыста қатыса алмадым, ал жазғы балық аулауға бірден келдім және жеңіске жеттім, – деді І орынды жеңіп алған Оспан Мамбеталин ақсақал.

Сайыс соңында қатысушылар өзен жағасында экологиялық сенбілік өткізіп, табиғатқа деген қамқорлықтарын нақты іспен көрсетті. Бұл – тек демалыс емес, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің де көрінісі болды. Кәсіподақ ұжымы мен комбинат басшыларына қатысушылар шынайы алғыстарын білдіріп, мұндай шаралардың ұжымдық рухты көтеріп, әріптестер арасындағы достықты нығайтатынын атап өтті.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.