Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханасында өткен аптада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Сарқылмайтын жылылық, ана аты – ұлылық» атты мерекелік іс-шара өтті.
Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар — өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Кітапханашылар ардақты асыл жандарды мерекелерімен құттықтап, кітап көрмеге шолу жасады. Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы, Аналар кеңесінің төрайымы Зәмзагүл Оспановаға сөз беріліп, келген қонақтарға жүрекжарды тілектерін айтып, жылы лебіздерін білдірді. Аталмыш шарада кішкентай бүлдіршіндер би билеп, қонақтарға ашық хаттар таратты. Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже — отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі.
Кітапханамыздың «Алтын оймақ» үйірмесінің әжелері «Дедім ай-ау» әнін нақышына келтіре орындады. Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімдерінен дефиле ұсынылды. Әртүрлі ойындар ойнатылып, асыл аналардың құдіретті сезімдеріне арналған кинопоэзия қойылды. Қолдарында гүл шоқтары бар ерлер қауымы ортаға шығып ән айтып, соңында нәзік жандыларға гүл шоқтарын табыстады.
Мадина АЙТБЕКОВА,
оқырмандарға қызмет
көрсету бөлімінің
меңгерушісі.