Салада ілгерілеушілік бар

Адам көзі түскен нәрсесіне баға беру үшін оның кешегі қалпы мен бүгінгі қалпына салыстырмалы түрде қарайды. Біздің көзқарасымызда қала келбетінде көп өзгерістер бар. Құрылыс саласы қарқынды дамып кетпесе де, жылдан жылға ілгерілеушілік білінеді. Өткен жылдың өзінде өңірде бірқатар ауқымды жұмыстар қолға алынды. Иіні келген істің игілігін халық көре бастады. Алдағы уақытта да қалада қажеттілікке қарай құрылыс нысандары өз кезегімен жоспарлы түрде бой көтереді деген сенім зор.

Міне, осылардың барын бағамдап, атқарылған істерді саралап көру мақсатында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Милиус Светланаға хабарласқан едік. Бөлім басшысы берген ақпараттарға қарағанда қазыналы өңірдің құрылыс саласында бірқатар жұмыстар жүріп жатыр. Ең бастысы, халықтың тұрмысын жақсарту, оларды заман ағымына сай баспанамен қамтамасыз ету, өңірдің әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін түрлі әлеуметтік маңызы бар нысандар салу қолға алынған. Өңірдің инженерлік инфрақұрылымдарының да талапқа сай болуы басты назарда екен. Осы тұрғыда әсіресе құрылыс жұмыстары бірер жыл бұрын басталған кәріз желілерін жаңғырту жобасын ерекше атап айтуға болады. Бұған дейін жөндемді жөндеу көрмей, қайта-қайта құрсаулаумен халықты мезі еткен кәріз желілері өткен жылы түбірінен жаңғыртыла бастаған еді. Жоба екі бағытта жүргізілді. Біріншісі – Қаражал қаласы бойынша, екіншісі – Жәйрем кенті бойынша.
Жәйрем кентіндегі жоба 2022 жылы басталған болатын. Оған қазынадан 3 476,807 млн теңге бөлінді. Жобаны «Наладочный центр Темиртау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, техникалық бақылауды «Строй Потенциал» ЖШС, авторлық бақылауды «Jetisu Project» ЖШС жеңіп алды. Жұмыс басталғаннан бері Жәйрем кентінде 22,6 шақырым кәріз желілері ауыстырылды. 286 құдық орнатылды.
Ал, Қаражал қаласы бойынша кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталды. Оған облыстық бюджеттен 3 580,58 млн теңге қаржы қаралып, жобаны «АГС-ПЛАСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтып алды. Жобаның техникалық бақылауына «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС, авторлық бақылауына «Jetisu Project» ЖШС ие болды. Жоба басталғаннан бері қалада 56 құдық қалыпқа келтіріліп, 1,895 шақырым қысымсыз ағатын құбыр төселінді. Ал қала сыртында көлемі 160 миллиметрлік қысымды коллектрдің құбыры 5 шақырымға екі қатар салынды.
Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Оған облыстық және республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Жұмыс үстіміздегі жылы толық аяқталады деп күтілуде.
Мұның сыртында, өткен жылы Жәйрем кентіндегі сорғы станциясынан 49-камера мен Үшқатын кенішіне дейін резервтік желі тарту жұмысы аяқталды. Жобаға қалалық бюджеттен 597,9 млн теңге бөлінді. Жұмысты «Жана-Арка-2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.
Өңірде тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, биыл Ақтай шағынауданының тұрғындарына су жеткізу үшін қалалық бюджеттен қаржы қаралып, жұмысты үстіміздегі жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Қаланы сәулеттендіру, архитектуралық әлеуетін арттыру мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, өткен жылы Қаражалға Атасу кенті жағынан келетін жолға арқа орнатылды. Құны 115,98 млн теңге болатын жобаны «Евростандарт-Аква» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сапалы жасап, Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойына тарту етті.
Қазыналы өңірдегі ауқымды жобалар да аз емес. Солардың бірі – жабық жүзу бассейнінің құрылысы. Жоба 2022 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен басталды. Нысан құрылысының шарттық құны 3 476,807 млн теңге. Мердігер ұйым – «Балқаш жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінге дейін бассейннің жерасты бөлігін салу, тостағанды құю, модульдік қазандықты монтаждау бойынша жұмыстар орындалды. Қазір ғимараттың қабырғалары мен төбелерін салу жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың қазан айында тапсырылады деп жоспарлануда.
Осындай тағы бір ауқымды жоба – «Горняк» стадионын жаңғырту. Бұл жұмыс та 2022 жылы басталған еді. Қаржыландыру көзі – қалалық бюджет. Нысан құрылысының шарттық құны 549,49 млн теңге. Мердігер ұйым – «Сonstruction Training Resources» ЖШС. Бүгінде әкімшілік ғимараттың құрылысы, жарықтандыру бағандарын орнату, футбол алаңын, жүгіру жолын салу бойынша жұмыстар орындалды. Қазір әкімшілік ғимаратты ішкі безендіру, көрермендер трибуналарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың шілдесінде тапсырылады деп жоспарланған.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету кезек күттірмес міндеттердің бірі. Бұл бағытта да Қаражал өңірінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар бар. Қаладағы бос қалған үйлердің ішінен тұрғын үй ретінде қайыра жаңғыртуға болады деген ғимараттар іріктеліп алынып, оларға жөндеу жұмыстары да жүріп жатыр. Дәл осындай жұмыс өткен жылы басталды. Нақтырақ айтар болсақ, қалалық бюджет қаражаты есебінен көпқабатты тұрғын үй қорының нысандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға (қазандық салу, трансформаторлық қосалқы станция орнату, инженерлік желілер) жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Онда су құбыры желілерін, энергиямен жабдықтау желілерін тарту, қиыршық таспен қапталған автомобиль жолдарын салу да көзделген. Осындай жобалау-сметалық құжаттама Қаражал қаласының 25-орамдағыдағы №20 5 қабатты тұрғын үйге әзірленді.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының барлық әзірленген жобалары бойынша Мемлекеттік сатып алулар жүргізіліп, шарттар жасалды. Жобаларды іске асыруды бастау үшін жұмыстарды қаржыландыру қалалық бюджет қаражаты есебінен көзделген. Жұмыстарды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылы құрылысты аяқтауға және пайдалануға беруге республикалық бюджет қаражатынан жұмыстарды қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер жіберілді. Нысандарды пайдалануға беру 2024 жылы жоспарланған. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы аталған мекенжайдағы тұрғын үйді қайта жаңарту жобасы әзірленді. Жобаны іске асыру 2024-2025 жылдары көзделген.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қаражал қаласындағы Тәуелсіздік көшесінде орналасқан 36 пәтерлі тұрғын үйді қайта жаңарту жұмыстары да жалғастырылады. Оны «Астана Премиум строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Тұрғын үй 2024 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мұндай әлеуметтік маңызы бар нысандар Жәйрем кентінде де бой көтеріп жатыр. Мәселен, 2023 жылы Жәйрем кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы әзірленді. Ағымдағы жылы нысанның құрылысына мемлекеттік сатып алулар жүргізілді және «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС мердігерлік ұйым болып анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес жобаның жалпы құны 2 231,19 млн теңгені құрады. Жобаны іске асырудың басында облыстық бюджет қаражатынан 300 млн теңге бөлінді.
Бөлім басшысы Светлана Милиустың айтуынша, өңірде қауіпсіздік нысандарын салуға да баса мән берілуде. Атап айтар болсақ, Қаражал-Жәйрем өңірі елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі өрт деполарына арналған әкімшілік ғимараттардың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2024 жылы мемлекеттік сатып алулар өткізіліп, мердігерлік ұйымдар айқындалатын болады. Жобаларды іске асырудың басталуы 2024 жылы көзделген.
Жалпы, қазыналы өңірдегі құрылыс жұмыстары бұлармен ғана шектеліп қалмақ емес. Үстіміздегі жылы да осындай ілкімді істер бастау алмақ. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Қаражал қаласында жасанды мұзды хоккей кортын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталды. Жобаны іске асыру 2025 жылы жоспарланып отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ