Солтүстік Қазақстан облысында 655 сайлау комиссиясы анықталып, сайлаушылар тізіміне 386 мыңға жуық адам тіркелді. Өңірдің сайлау науқанына әзірлігін жұмыс сапарымен келген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан – ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров келген 14-ші өңір. Ол әр облысты аралап, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесіп, жылдың басты саяси науқаны – президент сайлауына әзірлігін пысықтауда. Өйткені Орталық және барлық жергілікті сайлау комиссияларының міндеті – сайлау құқығы бар сайлаушыларға өз дауысын беруге жағдай жасау, сайлаудың ашық, әділ және Қазақстан заңнамасына сай өтуін қамтамасыз ету.
«Біздің кездесуіміз президент сайлауы аясында өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы ешқандай үгіт-насихат жұмысын жүргізбейді. Ол біздің құзыретімізге жатпайды, тіпті ол заңға қайшылық болады. Сол себепті біздің негізгі мақсатымыз – өңір аралап, сайлау инфрақұрылымы, сайлауалды кезеңде қазір қаншалықты тиімді өз міндеттерін атқарып жатыр, жергілікті халық қаншалықты хабардар, қатысу ынтасы қандай екенін біліп қайту.
Екі учаскені аралап көрдім, сол жердегі учаскелік комиссия мүшелерінің қаншалықты дайын екенін біліп, олардың сұрақтарына жауап бердім. Осы кездесуден кейін арнайы оқыту-жаттығу болады», — деді Нұрлан Әбдіров.
Өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, СҚО-да 385 672 адам сайлаушы ретінде тізімге алынды. Бүгінде 15 аумақтық, 640 учаскелік, барлығы 655 сайлау комиссиясы бар. Олар материалдық-техникалық жағынан 100 % қамтылған. Учаскелердің талапқа сай болуы тексерілді.
«Сайлаушылар өздерінің қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін және тізімде бар-жоғын арнайы іске қосылған сервис арқылы біле алады. Ол үшін бар болғаны ИИН-ді енгізу қажет. Ол аудандық және қала әкімдігінің сайттарында қолжетімді. Сондай-ақ SailauSko атты Telegram-бот бар, 13 ауданда және Петропавлда Call-орталық ашылған. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «iKOMEK109» бірыңғай байланыс орталығында Call-орталық жұмыс істейді. Петропавл қаласында және аудан орталықтарында орналасқан 147 сайлау учаскесінде тіркеуді тексеруге болатын онлайн сервис жұмыс істемек. Бұл шаралар әр азаматтың конституциялық құқығын пайдалануына мүмкіндік береді», — дейді Марат Тасмағанбетов.
Ал мүгедектігі бар адамдарға сайлау күні өңірде 2 инватакси және 6 әлеуметтік такси жұмыс істемек.