Жәйрем кентінің қанат жаюына тікелей себепкер болған кенші-инженер Садық Асатов атамыздың туғанына 90 жыл. Осыған орай Жәйрем кентінде алашқа әйгілі, оның ішінде Жәйремде есімі ерекше аталатын алып тұлғаны еске алуға арналған кеш ұйымдастырылды.
Кенші-инженер, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Сәтбаев және Жезқазған қалаларының Құрметті азаматы, ақын Садық Қасымұлы Асатовтың есімі Жәйреммен тығыз байланысқан. Ұлытау облысына танымал журналист Ізтай Белгібайұлы «Қазыналы өңір» газетіне берген мақаласында: «Жәйрем дегенде ойымызға бірден Садық Асатов оралады. Ал, Садық Асатов десек, көз алдымызға Жәйрем келеді. Бұл екеуі — бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Өйткені, Жәйремді Жәйрем еткен осы Сәкең…»,- депті. Ия, Жәйремді Жәйрем еткен Садық Асатов.
Жәйремді Жәйрем еткен сол алып тұлғаның өмірі мен еңбек жолы жайлы бейнебаянымен басталған кешке келген сол заманның жастары, бүгінгі күндегі ел ағалары мен ақ жаулықты аналардың жанарынан өткенге деген сағыныш «мен мұндалап» тұрды. Ол кезде арнайы комсомолдық жолдамамен құрылысқа келген жастар Жәйреммен қатар өсті. Бейнебаянда Жәйремде салынған алғашқы ғимараттар, кірпіштері қаланып жатқан көп қабатты үйлер, құрылыс заттарын тасымалдап жүрген көліктер, жазық, құмды сары дала, жап-жас жігіттер мен қыздар, болып жатқан жиналыстар көрсетіліп, жиналған халыққа біраз ностальгия болды.
Еске алу кешінде алғашқы сөзді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алып, Садық Қасымұлының өмірбаянына тоқталып, ол кісі тек Жәйремге ғана емес Жезқазған, Сәтбаев қалаларына да көп еңбек сіңірген тұлға екенін айтып өтті.
Келесі кезекте естелік айту үшін сахна төріне ел ақсақалы, еңбек ардагері, жазушы Төлеухан Ілиясұлы шығып, өзінің «Асатов әлемі» атты кітабынан үзінділер оқып берді. Садық Асатовтың өлеңдерін орысшаға аударған жазушы, жалпы Жәйрем кентінің тарихына тоқталып, біраз сыр шертті.
Жазушы ағамыздан кейін кенші ағамыз жайлы сыр шертуге Садық Асатовтан «Ленинская смена» газетіне тұңғыш интервью алған, газеттің жауапты хатшысы, бүгінгі күнде «Qazaqtanu» ғылыми зерттеу институтының директоры Бақтыбай Жұмаділдин шығып, Садық атамыз жүріп өткен кешегі күнге үңіліп, бүгінгі күнге тоқталып, Садық атамыз салған жолдың болашағын болжады.
Әдемі естеліктер мен ыстық лебіздер легін Жәйрем кен байыту комбинатына жас маман экономист болып, кейіннен комбинаттың экономика бөлімінің басшысы лауазымына дейін қызмет атқарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймағы төрағасының орынбасары болған, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кенжебай Сәтжанов жалғастырды. Ол кісі кенші атамыздың өлеңдерін оқып, сөзінің соңында өзінің Садық Асатовқа арнаған өлеңін халыққа оқып берді.
Жылы жүздесудің, керемет естеліктер мен сағыныш басудың соңын Садық Асатовтың қызы Гауһар Садыққызы қорытындылады.
Одан бөлек еске алу кешінде жиналғандарға Садық Асатовтың нақыл сөздері мен өлеңдері оқылып, концерттік іс-шара ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар мен облыстан келген белгілі әншілер өз өнерлерін орта салды. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов салған «Жәйрем» әні жәйремдіктерді патриоттық сезімге бөледі.
Келген барлық қонақтар Жәйрем кенті мәдениет үйінің фойесіне ұйымдастырылған кенші-инженердің өмір жолынан сыр шертетін естелік көрмені тамашалады. Бүгінгі айтулы күнге арналып шахмат пен стол теннисінен жарыс ұйымдастырылды.
Осындай керемет шаралардан соң, алашқа танымал алып тұлға Садық Қасымұлы Асатовтың рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді.
Бір өлеңінде:
«Жәйрем әлі – балауса,
Жаңа ашылды жол басы.
Жәйрем ертең Отанға,
Болар байлық ордасы.
Жәйрем – дауыл, Жәйрем – ән,
Жәйрем – көктем, Жәйрем – таң.
Жәйремдіктер бұқпайды,
Нөсер, жаңбыр, дауылдан»,- деген екен.
Жәйремдіктерге үлкен сенім артып, Жәйремді байлық ордасы санап кеткен Садық атамыздың сенімін ақтау біздің парызымыз. Аллаға шүкір, Жәйрем өндірісі қарқынды жүруде. «Жәйремнің жерасты пайдалы қазбалары 300 жылға азық» деп болжап кеткен кенші ағамыздың болжамы шындықпен жанасып, еліміз бай қуатты болсын!
Алып тұлға Садық Қасымұлының жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алашқа танымал ер есімі ел есінде мәңгі қалсын!
Теректі ШАҒАТАЙ.