Өткен аптаның соңында Сәтбаев қаласына әкім тағайындалды. Қаланың жаңа басшысын Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы таныстырды.
Кеншілер қаласының әкімі лауазымына үміткердің кандидатурасын әуелі қалалық мәслихаттың сессиясында депутаттар бір ауыздан мақұлдады. Одан кейін өңір басшысы жаңа әкімді қала активіне таныстырды.
Орайы келгенде айта кетейік, кеншілер шаһарының жаңа әкімі – Мұрат Бөрібаев 1991 жылы дүниеге келген. Металлургия, экономика және бизнес бакалавры, мемлекеттік Менеджмент магистрі. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы – «Қарағандытүстімет» Өндірістік бірлестігінің «Нұрқазған» байыту фабрикасы бас корпусының үшінші разрядты флотаторы болып бастап, Жезқазған байыту фабрикасының директорлығына дейін көтерілген. Өндіріс саласынан – өндіріс қаласына қадам басқан жаңа әкімнің жұмысына аймақ басшысы сәттілік тіледі.
– Мұрат Ерболатұлының жинақтаған тәжірибесі, білімі Сәтбаев қаласын дамытуға жетеді деп ойлаймын. Сондықтан, Мұрат Ерболатұлы, жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Өңірді жақсы білесіз, – деді аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы жиында.
Шаһардың жаңа басшысы өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып жүретінін, артылған сенімді ақтайтынын жеткізді.
– Сәтбаев қаласының келешегі зор. Халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосамыз деген ойдамын. Өз басым күш-жігерімді аямаймын, – деді Мұрат Бөрібаев өз сөзінде.