Сәкен мұрасы — мәңгілік қазына

Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол – халқымыздың азаттығы жолында аянбай еңбек еткен, жаңа дәуір әдебиетінің негізін қалаған, ұлт рухын асқақтатқан қайраткер. Сәкеннің шығармалары — ел еркіндігі мен еңбегін, туған жердің сұлулығын, адамгершілік пен рухани тазалықты дәріптейтін асыл қазына. Оның шығармашылық мұрасы бүгінгі ұрпаққа өнеге, ерлік пен елдікке үндейтін мәңгілік рухани бағдар болып қала береді.

Ұлт руханиятының ұлы тұлғасы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Сәкен Сейфуллиннің туған күніне орай кітапханада «Сәкен мұрасы – мәңгілік қазына» атты әдеби-танымдық кеш және кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ұйымдастырылған көрменің мақсаты – қазақ халқының ардақты перзенті, ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, оның әдеби және мәдени мұрасына деген құрметті арттыру.

Көрмеге жазушының өмір жолын, әдеби қызметін, қоғамдық-саяси көзқарасын айқындайтын кітаптар, мерзімді басылымдардағы мақалалар, фотосуреттер мен деректер қойылды. «Тар жол, тайғақ кешу», «Өткен күндер», «Альбатрос», «Көкшетау» сияқты Сәкеннің мәңгілік туындыларына ерекше көңіл бөлінді. Іс-шара барысында оқырмандар мен оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның шығармаларынан үзінділер тыңдалды. Көрмеге келгендер Сейфуллиннің ұлт әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі мен азаматтық бейнесі жайында мол мағлұмат алды.

Осы іс-шараға Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Құрметті азаматы, Алматы технология университетінің профессоры, Қазақстан шахмат Федерациясының экс-президенті, меценат, «Фудмастер» компаниясының құрылтайшысы, көп балалы әке, Сәкен Сейфуллиннің інісі Мәжит атаның немересі – Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин қатысып, кітапхана қорына Сәкен атамыздың бірнеше кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, осы әдеби-танымдық кешке қала басшылары және Қаражал қаласының Құрметті азаматтары мен абыз ақсақалдары қатысты. Келген қонақтарды ауыл иісін аңқытып, ыстық бауырсақтарымен «Алтын оймақ» үйірмесінің әжелері «Тау ішінде» әнін орындап, шашуларымен қарсы алып, қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара барысында кітапхана оқырмандары мен жас буын өкілдері Сәкен Сейфуллиннің әсерлі өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақынның нәзік сезімге, ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы жырларымен көрерменнің жүрегіне жол тапты. Оқырмандардың орындауындағы өлеңдер Сәкен рухына деген құрмет пен ықыластың жарқын көрінісі болды. Іс-шараға келгендер Сейфуллиннің ұлт әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі мен азаматтық бейнесі жайында мол мағлұмат алды.

Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен еңбегі — қазақ жастары үшін нағыз өнеге мектебі. Ол тек әдебиет майданында ғана емес, елдік пен ерлік жолында да биік тұлға болып қалды. Осындай көрмелер арқылы жас ұрпаққа Сәкен мұрасын дәріптеу – ұлт рухын сақтау мен жаңғыртудың бір көрінісі.

Сәкен Сейфуллин сынды ардақтыларымыздың есімі де, еңбегі де мәңгі жадымызда сақталмақ. Сәкен – жүрекпен сөйлеген, ел үшін туған ер. Ақынның сөзі – шындықтың үні, өлеңі – азаттықтың жыры, өмірі – ерлік пен елдік үлгісі. Сәкен мұрасы – ұрпаққа мәңгілік қазына!

 Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,

«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры.