Қаражал қаласында халық игілігіне арналған әлеуметтік нысандардың құрылысы ерекше назарда. Елдің ертеңі мен тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін бұл бағыттағы жұмыстар «AMANAT» партиясының партиялық бақылау комиссиясы тарапынан тұрақты қадағаланып келеді.
Жақында «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина, облыстық мәслихат депутаты Артем Ким және партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Гаухар Отыншина бастаған мониторингтік топ бірқатар нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты.
Инфекциялық бөлімдегі ілгерілеу
Мониторингтің алғашқы нысаны — қалалық аурухананың инфекциялық бөлімі болды. Бұл ғимарат – медициналық қызмет сапасын арттыру мен тұрғындарға қауіпсіз орта қалыптастыру тұрғысынан маңызды жоба
Топ мүшелерімен бірге аурухана басшысы Асан Кабулов және партиялық бақылау бекетінің жетекшісі Мереке Оспанбекова нысанды аралап шықты.
Қазіргі таңда ғимарат ішінде еденге кафель төсеу, терезе мен есік орнату жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар, жылыту жүйесі тартылып, радиаторлар орнатылуда. Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, нысанда шамамен 20 жұмысшы еңбектеніп жатыр. Жұмыстар белгіленген жоспарға сай жүргізілуде.
– Құрылыстың сапасы мен мерзімін сақтау – басты міндет. Барлық техникалық талаптар ескерілген, материалдар стандартқа сай, – дейді мердігер ұйымның өкілі.
Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктер
Мониторингтік топтың келесі бағыты – «Станционный» ықшам ауданында салынып жатқан 80 орындық жаңа мектеп. Бұл нысан – қала тұрғындары үшін ерекше маңызы бар әлеуметтік жоба, өйткені, жаңа оқу орны балалардың сапалы білім алуына кең мүмкіндік ашады
Аралау барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлбану Райсова және қалалық мәслихат депутаты, партиялық бақылау бекетінің жауаптысы Жұмакүл Ахметова да болды.
Қазіргі уақытта мұнда жылыту жүйесін тарту, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
– Басты мақсат – сапалы әрі уақытылы құрылыс. Жаңа мектеп өз мерзімінде пайдалануға берілсе, бұл қала өміріндегі үлкен жетістік болмақ, – деді Гүлмира Исина.
Бақылау – сапаның кепілі
Партия бастамасымен жүргізіліп отырған мұндай бақылау шараларының негізгі мақсаты – құрылыс сапасын қамтамасыз ету, жұмыстардың ашықтығын арттыру және мердігер ұйымдар мен жергілікті билік арасындағы өзара тиімді байланысты күшейту.
Мониторинг қорытындысы бойынша нысандардағы жұмыстар оң бағаланып, кейбір техникалық ескертулер бойынша мердігер компанияларға нақты ұсыныстар берілді.
Қала тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары партиялық бақылауда бола береді. Бұл – ел мүддесін басты орынға қоятын жауапкершілік пен ашықтықтың айқын көрінісі.