Қаражал қаласында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынғаны белгілі. Алайда, олардың уақытылы әрі сапалы салынуы – халықтың тікелей мүддесі.
Осы орайда партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы «Вокзал» шағын ауданында салынып жатқан 80 орындық мектеп пен қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесін қайта жаңғырту жұмыстарына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында анықталғандай, қос нысандағы құрылыс жұмыстары бекітілген кестеден кешігуде. Жаңа мектеп – қала тұрғындары үшін аса маңызды білім ордасы. Себебі, тұрғындары жылдан жылға өсіп келе жатқан «Вокзал» шағын ауданында мектеп тапшылығы сезіледі. Ал, инфекциялық бөлімшенің қайта жаңғыруы медицина саласының сапасын көтеруге ықпал етпек. Дегенмен, құрылыс қарқынының төмендігі жұртшылық көңіліне алаң тудырып отыр.
Жалпы, партиялық бақылау комиссиясы мұндай тексерістерді жай есеп үшін емес, ең алдымен халық игілігі үшін жүргізеді. Мониторинг барысында мердігер ұйымдар мен тапсырыс берушілерге нақты ұсыныстар беріліп, жұмысты жеделдету, сапаны қадағалау мәселесі қатаң ескертілді. Комиссия мүшелері құрылыс барысы бұдан былай да тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Әлеуметтік нысандардың уақытылы пайдалануға берілуі – партияның ғана емес, қала тұрғындарының ортақ талабы. Себебі, мектеп те, аурухана да күнделікті өмірге, әр отбасының қажеттілігіне тікелей қатысты. Сондықтан, мұндай құрылыс жобаларының кешеуілдеуі тек мердігерлердің емес, жалпы қоғамның назарындағы мәселе болып қала бермек.
Қаражал қаласындағы мектеп пен инфекциялық бөлімшенің құрылыс қарқыны қоғам тарапынан да, партия тарапынан да жіті назарда ұсталады. «AMANAT» партиясы жергілікті халықпен бірге, олардың тұрмыс-тіршілігіне қажетті әлеуметтік нысандардың уақытылы әрі сапалы іске қосылуына бар күшін жұмсауға дайын екенін айқын көрсетті.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.