Құрылыс – ел дамуының тірегі

Тамыз айының екінші жексенбісі – Қазақстанда Құрылысшылар күні. Бұл – қалалар мен ауылдардың келбетін көркейтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыратын, күн-түн демей еңбек ететін құрылыс саласы мамандарының кәсіби мерекесі. Қаражал-Жәйрем өңірінде құрылысшылардың қолтаңбасы айқын сезіледі. Жыл сайын жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар – соның айғағы.

Қаражал-Жәйрем өңірінде 2025 жыл – құрылыс пен газдандыру жылы ретінде есте қалуы әбден мүмкін. Қала мен ауылдардың келешек келбетін айқындайтын әлеуметтік маңызы бар жобалар жүйелі түрде іске асуда. Бүгінде мұнда 14 нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың тапсырысшысы – Қаражал қаласының құрылыс бөлімі. Басшы Светлана Милиустың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең әрі түрлі бағытты қамтиды.

ЖАҢА НЫСАНДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

2024 жылы қалада бірқатар ірі жобалар аяқталып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында жабық жүзу бассейні, жаңартылған «Горняк» стадионы және Ақтай шағын ауданындағы су құбыры желілері бар. Биылғы жылдың айтулы жобаларының бірі – Қаражалдың 11-шағын ауданын жылумен қамтамасыз етуге арналған қазандық құрылысы. Жоба 14 көпқабатты тұрғын үй мен 4 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етеді. Құрылыс 2026 жылы басталмақ. Электрмен жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ақтай ауданын сапалы электр қуатымен қамту жобасының құжаттары әзірленуде.

ТҰРҒЫН ҮЙ МЕН ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

«Қолжетімді жалдамалы тұрғын үй» бағдарламасы аясында Тәуелсіздік көшесі, 12-үй мекенжайындағы ғимарат қайта жаңартылуда. 36 пәтерден тұратын бұл нысанның құрылысы аяқталып, қабылдауға дайын тұр. Қалада жабық хоккей кортының құрылысы басталды. Бір қабатты ғимаратта мұз айдыны, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және әкімшілік-тұрмыстық орындар қарастырылған. Айта кетерлігі, синтетикалық мұзбен жабдықталатын корт жыл бойы пайдалануға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын «Астана Премиум Строй» ЖШС жүргізуде.

Жәйрем кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жоспарда тұр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс басқармасына тапсырылды. Жұмыстар осы жылы басталмақ. Мәдениет саласында да оң өзгерістер бар. Қаражал қаласында екі қабатты көпфункционалды орталықтың құрылысы басталды. Онда 200 орындық конференц-зал, өнер мектебі және түрлі үйірмелер орналасады. Қазір іргетас жұмыстары жүруде.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МЕН БІЛІМ САЛАСЫ – НАЗАРДА

Өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Қаражал мен Жәйремде өрт сөндіру деполарының құрылысы жүріп жатыр. Қаражалда бұл нысан 2025 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір дайындық – 60 пайыз. Жәйремдегі құрылыстың 40 пайызы орындалды, қосымша қаржы қажет. Қалада 80 орындық жаңа жалпы білім беретін мектептің құрылысы да қолға алынған. Жұмыстарды «CK NEW CITY» ЖШС жүргізуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖАҢАРУДА

Қала мен кенттегі тозығы жеткен кәріз желілері жаңартылуда. Қаражалда 25,7 шақырым жүйе жаңартылып, 482 құдық орнатылды. Жобаның 75 пайызы орындалған. Жәйремде 35,3 шақырым құбыр жаңартылып, 761 құдық салынды. Жобаның дайындық деңгейі – 83 пайыз.

ГАЗДАНДЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Ұлытау облысында газдандыру бағдарламасы бастау алды. Биыл сәуірде «Жәйрем» АГРС және Жәйрем мен Қаражалға газ құбырларын тарту жобасы іске қосылды. Қазір Жәйремнің бірнеше көшесінде және «Дачи» массивінде 21,9 шақырым желі тартылған. Жәйрем мен Қаражал арасындағы магистральдық газ құбырының 5 шақырымы төселді. Жобаның толық жүзеге асуы үшін қосымша 6,3 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Әйтпесе, жұмыс қарқыны бәсеңдеуі мүмкін.

ТҮЙІН

2025 жыл – Қаражал-Жәйрем өңірі үшін нақты істер мен өрелі жобалардың жылы болмақ. Қаланың келбеті жаңарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асып жатқан жобалар – ел игілігі жолындағы нақты қадамдар.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ