Тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани байлығы мен тіршілігінің айнасы. Ол – ұлттың ең қасиетті қазынасы, өткені мен бүгіні, болашағының алтын арқауы. Ана тілінің қадір-қасиетін терең ұғынған қазақ халқы тілді ұлттың рухы, болмыс-бітімі, тұтастығы деп бағалаған. Себебі, тіл – ұлттың жаны мен жүрегі, мәдениеті мен мұрасы.
Қазақ елі үшін тіл – Тәуелсіздіктің символы. Егемен елдің еңсесін тіктейтін де, бірлігін бекемдейтін де – ана тілі. Ел болып еңсемізді көтергелі бері мемлекетіміздің басты нышандарының бірі ретінде қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.
Бұл – әрбір қазақстандық үшін зор жауапкершілік пен үлкен абырой. Бүгінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда. Нәтижелер де жоқ емес – қоғамда қазақ тіліне бет бұру, ана тіліне деген құрмет артып келеді. Алайда, өкінішке қарай, әлі де болса кейбір орталарда, жастар арасында ана тіліміздің жағдайы көңіл көншітпей тұр.
Бұл – сан жылдар бойы халқымыздың басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдердің, тіл мен рухты тұншықтырған зұлмат саясаттың салдары. Тарихқа үңілсек, халқымыз кеңестік дәуірде өз тілінен, дінінен, дәстүрінен ажырауға шақ қалды. Алайда, ана тілін ананың сүтімен бойына сіңірген халық, қандай қиындық көрсе де тілін де, ділін де жоғалтқан жоқ.
Бұл – қазақ рухының мызғымас күшінің, тілге деген адалдығының айғағы. Ұлтымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаев: «Жауыз тағдыр жойды бәрін, не бардың, Алтын күннен бағасыз бір белгі боп. Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!» – деп жырлағандай, бабадан мирас болған тіліміз – біздің ең асыл мұрамыз.
Бүгінгі таңда қазақ тілі ғылымның, техниканың, заманауи технологияның тіліне айналуы тиіс. Бұл – ұлттық дамудың басты талабы. Ол үшін әрбір қазақ азаматы, әсіресе, жас ұрпақ ана тілін шын сүйіп, құрметтеп қана қоймай, күнделікті өмірінде қолдануға ұмтылуы қажет.
Қорыта айтқанда, тіл – ұлттың жаны. Тілдің тағдыры – ұрпақтың қолында. Тілімізге деген құрмет – өзімізге деген құрмет. Ендеше, ана тіліміздің мәртебесін асқақтату – әрбіріміздің қасиетті парызымыз.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ