Қоғамның рухани деңгейі, мәдениеті мен білім көкжиегі көбіне кітапқа деген құрметпен өлшенеді. Ал сол кітап пен оқырман арасын жалғап, білімнің шырағын сөндірмей келе жатқан жандардың еңбегі қашанда ерекше бағалауға лайық. Осындай мәдениет пен руханият саласына өмірін арнаған жандардың бірі – Қаражал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Тлеухор Байшукенова. Кітапқа деген сүйіспеншілік, білімге деген құрмет, адамдарға пайда тигізуге деген ниет – оның өмір жолының негізгі ұстанымдары.
Тлеухор Жанжұманқызы 1979 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қарапайым ауылдағы еңбекқор отбасының тәрбиесін көріп өскен ол бала кезінен білімге құштар болды.
1996 жылы Ақтау ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң, білім жолын жалғастыру мақсатында Қарағанды қаласына аттанып, 1997 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Мәдениеттану» факультетіне оқуға түседі. Бұл таңдау оның болашақ тағдырына жол ашқан шешім болды.
2008 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп шыққан жас маман мәдениет саласының түрлі бағыттарында еңбек етіп, тәжірибе жинақтай бастайды. Тлеухордың еңбек жолы 2002–2007 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бастау алды. Бұл кезең оның кәсіби қалыптасуына үлкен мектеп болды.
Ал 2007 жылы ол Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығына көркемдік жетекші қызметіне орналасты. Бұл қызметте мәдени шараларды ұйымдастыру, өнер мен шығармашылықты насихаттау бағытында белсенді еңбек етті. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 2011 жылы Қаражал қаласы мәдени-сауық орталығының директоры болып тағайындалды. Бұл қызметте ол қаланың мәдени өміріне тың серпін беріп, түрлі мәдени-рухани жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды.
2022 жылдың қыркүйек айында Тлеухор Жанжұманқызы Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол үшін бұл жай ғана жаңа қызмет емес, жүрек қалауымен келген сала еді.
– Кітапхана – тек кітап сақталатын орын ғана емес. Ол – білім мен руханияттың, мәдениет пен тәрбиенің орталығы, – дейді ол.
Шынында да, қазіргі кітапхана – заман талабына сай ақпарат орталығы. Мұнда тек кітап оқылып қана қоймайды, түрлі мәдени кездесулер, әдеби кештер, жастардың шығармашылық жобалары өтеді.
Директор ретінде Тлеухор Жанжұманқызы кітапхананың жұмысын жаңа деңгейге көтеруге күш салып келеді. Соның нәтижесінде қалалық кітапханалар жүйесі бүгінгі күні қала тұрғындарының рухани өмірінде маңызды орын алады.
Кітапхана ұжымы түрлі бағыттағы мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Өткен жылы кітапханаларда 140 мәдени-рухани іс-шара өткізілген. Бұл шараларға оқушылар, студенттер, жастар мен қала тұрғындары белсенді қатысқан.
Ал биыл кітапхана ұжымы 180-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл – жай ғана сан емес. Оның артында үлкен еңбек пен мақсат жатыр.
Тлеухор Жанжұманқызының айтуынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – қала тұрғындарын, әсіресе жастарды кітап оқуға тарту. Әдеби кештер, кездесулер, кітап көрмелері, пікірталастар, оқырман клубтары – осының бәрі жастардың кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.
– Кітап арқылы адам дүниетанымын кеңейтеді, ой-өрісін дамытады. Сондықтан жас ұрпақты кітап оқуға баулу – біздің басты міндетіміз, – дейді кітапхана директоры.
Кітапхана жұмысының тағы бір маңызды бағыты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Қазақ әдебиетін, тарихын, мәдени мұрасын насихаттау мақсатында түрлі әдеби кештер, тақырыптық көрмелер, тарихи-танымдық кездесулер ұйымдастырылады. Бұл жұмыстардың барлығы жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша кітапхана қызметкерлері тек кітап берумен ғана шектелмей, оқырманмен тығыз байланыс орнатуға тырысады.
Тлеухор Байшукенованың мәдениет саласындағы еңбегі елеусіз қалған емес. Ол Қаражал қаласы әкімінің грамотасымен, қалалық «AMANAT» партиясының Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар республикалық «Өнерлі елдің өрісі биік» атты конкурс дипломының иегері.
2022 жылы Қазақстан Республикасы Президентін сайлау науқанына белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен де марапатталды.
Ал 2023 жылы «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері» атты республикалық байқауына үздік маман қатыстырғаны үшін Алғыс хатқа ие болды. Сол жылы Қаражал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және жеке еңбек жетістіктері үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Араға бір жыл салып, яғни 2024 жылы мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін Мәдениет министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасына ие болды.
Тлеухор Жанжұманқызы тек білікті басшы ғана емес, сондай-ақ ардақты ана, сүйікті жар. Отбасында жолдасымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр. Ұзақ жылғы еңбек жолында ол қызмет пен отбасы үйлесімін сақтай отырып, қоғамға пайдалы еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді.
Бүгінде оның жалпы еңбек өтілі – 23 жыл, ал мәдениет саласындағы еңбек өтілі – 20 жыл. Бұл жылдар ішінде ол мәдениет пен руханият саласында мол тәжірибе жинақтап, өз ісінің шебері ретінде қалыптасты.
Кітапхана саласында еңбек ету – оның айтуынша, жай ғана жұмыс емес, жүрек қалауы. Өйткені кітап – адамды рухани байытатын, білім мен парасатқа жетелейтін құндылық. Ал сол кітап арқылы қоғамға қызмет ету – үлкен мәртебе.
Бүгінде Қаражал қаласының кітапханалары тұрғындар үшін білім мен мәдениеттің маңызды орталығына айналып келеді. Бұл – ең алдымен кітапхана ұжымының еңбегі, сондай-ақ осы саланы үлкен жауапкершілікпен басқарып отырған Тлеухор Жанжұманқызы сияқты азаматтардың қажырлы қызметінің нәтижесі.
Кітапқа құрмет бар жерде – руханият та биік болады. Ал сол руханияттың шамын жағып жүрген жандардың бірі – Тлеухор Байшукенова.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

