Рухани байлықтың өлшемі

Әлемде жаһандану дәуірі жалғасып, заманауи технологиялардың үстемдік құруымен байланысты кітап оқу үрдісінің тұралап қалғандығынан бұл мереке көптеген елдерде ресми түрде бекітіліп, айтулы күн ретінде аталып жүр. Президент кітаптардың ұлттың зияткерлік және мәдени прогресінің негізі екенін тілге тиек еткен болатын. Жоғары оқу мәдениетін қалыптастыру — Қазақстан Үкіметі үшін де, бүкіл қоғам үшін де басым міндет болуы тиіс.

Осы мақсатта Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы Қаулысының негізінде Қазақстанда жаңа мереке – 23 сәуірде алғаш рет аталып өтетін Ұлттық кітап күні пайда болды. Осынау атаулы мереке халық арасында кітап оқуды насихаттауға септігін тигізеді.

Бұл – қоғамның, соның ішінде жастардың мәдени, рухани жетілуіне жасалған маңызды қадам. Қоғамды дамытудағы басты факторлардың бірі – оқырман ұлт қалыптастыру. Бұл міндет кітапқа деген қызығушылық пен оқу мә дениетін нығайту арқылы жүзеге асады. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту – Қазақстанның рухани, мәдени, ғылыми мүдделері мен білім беру салаларын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Ұлттық кітап күніне орай орталық кітапхананың ауласында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды. Биыл «Жүректен жүрекке» тақырыбында кітап алмасу, буккросинг өтті. Іс-шара барысында бірқатар мазмұнды көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге кітапсүйер қауымға түрлі саладағы әдебиеттер қойылды.

«Салт-дәстүр сөйлейді» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Қазақ салт-дәстүрін насихаттау мақсатында кітап көрмеде ұлттық салт-дәстүрлеріміз бабалардан қалған асыл мұрамызды қастерлей білуге, күнделікті өмірде қолданып, игілігін көруге мол септігін тигізері хақ кітаптар «Қазақ салт-дәстүрлері», «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары», «Дәстүр даналығы» және басқа да көптеген әдебиеттер қойылды. Балалар кітапханасында бүлдіршіндерге арналған «Кітапхана күн шуағы білімнің» атты кітап көрмесі дайындалып, «Балбөбек» бөбекжайының «Ботақан» ересек тобының бүлдіршіндері кітапханаға саяхатқа келді. Бүлдіршіндер кітап көрмеге шолу жасап, ағайынды Гриммдердің сүйікті ертегілерінің бірі «Қызыл телпек» ертегісі оқылды. Іс-шара соңында бүлдіршіндер, «өзің оқысаң өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген «Ашық аспан» аясындағы буккросингті тамашалады. Бұл күн кітаптың адамзат өркениетіндегі орны мен оның тәрбиелік мәнін дәріптеген тағылымды шара ретінде есте қалды.

Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан ғасырға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Әу баста сол рухани өлшем мен адам ақыл-ойының ажырамас тұнығындай болып көрініс тапқан кітап енді өзін оқыған, пайдаланған адамға да қызмет ете отырып, сол жанды да рухани тұрғыдан байытады, білім-біліктілігін ұштайды, сенімді серігі, ажырамас досына айналады.

Мадина АЙТБЕКОВА,

«Қаражал қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.