Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары!

Бірер сәттен кейін баршамыз ескі жылмен қоштасып, жаңа мүмкіндіктерге толы 2025 жылға бағыт аламыз. Бұл – ел жылнамасындағы Тәуелсіздіктің 34-ші парағы болса, қасиетті Ұлытаудың жеке облыс мәртебесіне ие болып, қарсы алғалы отырған үшінші Жаңа жылы. Мен де өздеріңіз сияқты осы жердің тумасы әрі жанашыры ретінде Ұлытау облысының алдыңғы өңірлер қатарынан болуын шын жүректен тілеймін, сенімім де мол.

Олай деуге негіз де жоқ емес. Ұлытау – әр қазақ үшін орны бөлек өлке екені ақиқат. Туған жеріміз дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеді. Облыс мәртебесіне ие болған сәттегі ауқымды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Мәселен, білім беру және спорт саласындағы ұзаққа созылған құрылыс нысандарының жұмыстары аяқталуда. Әрқайсысының тұрғындар игілігіне берілер күні де алыс емес. Сонымен қатар, биыл облыс бойынша игерусіз жатқан 196 мың гектар жер Мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл болашақта жердің тиісті мақсатта пайдаланылуына, ауылшаруашылығын дамыту жолындағы азаматтарға мүмкіндіктер береді.

2024 жыл — ауылшаруашылығы бағытында да сәтті жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Биыл іске қосылған құс фабрикасы, ет өңдейтін цех осының дәлелі. Жобалар келесі жылы да жалғасын табады. Осы орайда, өңірді ішкі өніммен қамтуды қолға алып, жанашырлық танытып жүрген жергілікті азаматтарға өз алғысымды білдіремін.

Өтіп бара жатқан жылды – облыстағы үміт артқан ата-аналардың ұзақ жылдан бергі сенімі ақталған жыл деп айтуға болады. Олай дейтініміз, биыл тұңғыш рет өңірде 3 жас пен 18 жас аралығындағы балаларға, 18 жас пен 35 жас аралығындағы азаматтарға арналған оңалту орталықтары ашылды. Орталықтарды мамандармен толықтыру жұмыстары үздіксіз жалғаса бермек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облысымызға қарасты ауылдарда 14 денсаулық сақтау нысаны салынды. Облыстағы жылу тапшылығы мен ауызсу сапасын жақсарту үшін де ауқымды жобалар жүргізіліп жатқанын жақсы білесіздер. Ол мақсатта газдандыру жобасы Жезқазғаннан бастау алды. Алдағы жылдары бұл жұмыс облыстың басқа да өңірлерін қамтитын болады.

Қадірменді жерлестер!

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы сіздердің арқаларыңызда біздің өңірде де ауқымды түрде жүргізілді. Белсенділік танытқан әрқайсыңызға алғысымды білдіремін! Сіздердің туған өлкеге деген жанашырлықтарыңыз әкімдік пен өзге де тиісті қызмет орындарының жұмысына оң ықпалын тигізді.

Келесі жылы Ұлытау облысының қала-аудандарында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың инженерлік инфрақұрылымдарын нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғаса бермек.

Ұлытау облысының әкімі ретінде баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, бар жақсылықты тілеймін. Ойға алған бастамаларыңыз сәтті жүзеге асып, шаңырақтарыңызға шаттық тұрақтасын. Облысымыздың дамуына біркісідей атсалысып, мол табыстарға бірге қол жеткізейік.

Жаңа жыл құтты, берекелі жыл болсын!

Құрметпен,
Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі