Сіздерді аймақтық «Қазыналы өңір» газетінің жарық көргеніне 25 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Ақпарат ағыны қарқынды дамыған қазіргі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айрықша. Соның ішінде өңіріміздің рухани темірқазығына айналған «Қазыналы өңір» газетінің алар орны бөлек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы алмағайып кезеңде құрылған шағын басылым бүгінде Қаражал-Жәйрем аймағының шежіресін түзген, жасампаз істерді насихаттаған, қоғамдық пікір қалыптастыруда салмақты сөз айта алатын іргелі ақпарат құралына айналды.
Ширек ғасырлық тарихы бар «Қазыналы өңір» газеті – өңіріміздің ақпараттық кеңістігінде өзіндік орны қалыптасқан, бағыт-бағдары айқын, беделі биік басылым.
Газет осы жылдар ішінде қоғамның тыныс-тіршілігін айшықтап, ел өміріндегі маңызды оқиғаларды дер кезінде жариялап, оқырман мен билік арасындағы сенімді байланысқа айналды. Газет беттерінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың қажырлы еңбегі кеңінен көрініс табуда.
Бүгінде кәсіби деңгейі жоғары, шығармашылық әлеуеті мол ұжым талғамы биік оқырман сұранысын қанағаттандырып, елдің рухани көкжиегін кеңейту жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Осы мерейлі сәтте «Қазыналы өңір» газетінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагер қаламгерлерге, бүгінгі шығармашылық ұжымға және адал оқырмандарға зор алғысымызды білдіреміз.
Алдағы уақытта да ел бірлігін нығайтып, өңірдің өркендеуіне қызмет ете берулеріңізге тілектеспіз. Қаламдарыңыз мұқалмай, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз!
Айқын ЕЛЕУСІЗОВ,
Қаражал қаласының әкімі.
Зәмзагүл ОСПАНОВА,
қалалық мәслихат төрағасы.
