Құрметті қаражалдықтар!

60 жыл бұрын 1963 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 8 қаңтарда Қаражалға қала мәртебесі берілді.
Қаражал қаласының құрылу тарихы тереңнен бастау алады. Қаланың қазыналы жерлері ХХ ғасырдың басында игеріле басталды. Сол кезде аймағымыздың көптеген пайдалы қазбаларға толы қойма екені белгілі болды. Осы кен байлығымыз арқылы біз облыс экономикасындағы жетекші орындардың біріне ие болып келеміз.
Аймағымыздың дамуында қала құраушы кәсіпорын — «Өркен Атасу» өкілдігі басты рөл атқарады. Қаланың пайда болуы мен аймақтағы өнеркәсіптің дамуының негізін қалаушы дәл осы кәсіпорын болды. Бүгінде кәсіпорында қызмет етіп жүрген кеншілердің төртінші және бесінші ұрпақтарын кездестіре аламыз. Бұл ерекше құрметке лайық нағыз жұмысшылар, еңбек адамдары.
60 жыл ішінде қаламыз тек өнеркәсіптік аймақ ретінде танымал болған жоқ. Спортшыларымыз бен өнерлі азаматтарымыз да аймағымыздың атын шартарапқа танытып жүр. Біздің мақтанышымыз болып саналатын Олимпиадалық резервтегі дзюдо мектебі мен өнер мектебінің терең тарихы және керемет жеңістері бар. Білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салаларда жан-тәнімен аймақтың дамуына үлес қосып, еңбек етіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Мұның бәрі Қаражалда жан-жақты дамыған, рухани бай, алдына мақсат қоя білетін адамдар өмір сүретінін көрсетеді.
Әрқайсымыз қаламыздың дамуына үлес қосудамыз әрі оны жақсартуға тырысып келеміз. Бүгінде қаламыз өзгеріп, жылдан жылға келбеті жақсарып көркеюде. Біз оны әрі қарай жетілдіріп, абаттандыру үшін бар күшімізді саламыз.
Құрметті жерлестер!
Бүгін біздің ортақ мерекеміз. Біздің тағдырымыз қаншалықты өзгеше болса да, бәрімізді ортақ үйімізге деген сүйіспеншілік, оның өміріне қатысу, сыртқы келбеті мен дәстүрлеріне бей-жай қарамау біріктіреді. Біз қаламыздың тарихымен, оның заманауи жетістіктерімен мақтанамыз, оның болашағынан зор үміт күтеміз.
Барлық тұрғындарға кіші отанына адалдығы үшін алғыс айтқымыз келеді. Сіздерге денсаулық пен амандық, барлық игі істер мен бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Тілектес ДОСАЕВ,
Қаражал қаласының әкімі.
Зәмзагүл ОСПАНОВА,
Қаражал қалалық
мәслихатының
төрағасы.