Құрметті Қаражал қаласының тұрғындары!

Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – өткенге есеп беріп, келешекке нық сеніммен қарайтын ерекше кезең. Бұл мереке әрбір отбасына үміт пен қуаныш сыйлап қана қоймай, туған қаламыз Қаражал үшін де жаңа мүмкіндіктер мен үлкен бастамалардың символына айналып отыр.

Қаражал – еңбекпен қалыптасқан, жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне айналдырған кеншілер қаласы. Бүгінде біз тек күнделікті өндірістік үдерістерге ғана емес, ауқымы зор, тарихи маңызы бар өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. «Батыс Қаражал» кен орнын игеру бойынша 2026 жылға әзірленген даму бағдарламалары жер қойнауындағы темір мен марганец қорларын ұзақ мерзімге тиімді пайдалануға бағытталып отыр.

Алдағы кезеңде шахталық кешендер мен өндірістік инфрақұрылымды жаңарту, жаңа жерасты және жерүсті нысандарын іске қосу, кен өндіру көлемін кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті күшейтуге және Қаражалдың тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.

Біз бүгінгі таңда болашағы ондаған жылдарға есептелген ірі жобалардың бастауында тұрмыз. Бұл – Қаражалдың ертеңіне деген сенім, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына берілетін берік серпін. Осындай ауқымды мақсаттарға жету – еңбек адамдарының табандылығы мен бірлігінің нәтижесі.

Осы сәтті пайдалана отырып, қаламыздың ардагер кеншілеріне, өндіріс саласының қызметкерлеріне, инженер-техник мамандарға және жас буын өкілдеріне шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің адал еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз Қаражалдың ертеңін жарқын етіп отыр.

Жаңа жыл әр шаңыраққа береке мен бақ, тыныштық пен амандық, ал Қаражал қаласына тұрақты жұмыс, сенімді келешек және баянды өркендеу әкелсін!
Жаңа 2026 жыл құтты болсын!

Құрметпен,
Нұртай ОМАРОВ,
«Өркен Атасу» ЖШС «Өркен» өкілдігінің директоры.