Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – біздің еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі болып саналады. Осыдан 27 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда еліміздің негізгі Ата Заңы қабылданды. Бұл Қазақстан азаматтары үшін республика дамуының жаңа беттерінің басталуын білдіретін ерекше оқиға болды. Конституция жалпы тарихи тағдырмен байланысқан Қазақстан халқының бірлігін нығайта түсті.
Таңдаған жолымыздың дұрыстығы арқасында ел тәуелсіздігінің қалыптасу жолынан сәтті өттік. Бұл жалпыұлттық күнтізбелік уақыт әрбір қазақстандық үшін ерекше маңызға ие. Біз бәріміз – осы кезеңде елімізде болған ауқымды жаңарулардың куәсіміз. Конституцияның өзекті ережелеріне сүйене отырып, біз ел тағдыры үшін өмірлік маңызы бар жаңаруларды жүргіздік: нарықтық экономиканы құрдық және демократиялық қоғамның негізін қаладық. Қазақстан дүниежүзілік аренаға танымал болды және әлемдік экономикалық жүйе ішінде лайықты орнын алды. Әлеуметтік сала – білім беру, денсаулық сақтау да күшті қарқынмен дамып келеді, жыл сайын зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі өсуде.
Қымбатты жерлестер!
Конституция осы жылдар ішінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Алайда, осымен оның әлеуеті сарқылмайды. Еліміздің Негізгі заңы бұрынғысынша егемен Қазақстанның гүлденуінің басты тетігі болып қала береді. Конституцияны қатаң қолдану – мемлекетіміздің нәтижелі дамуының негізі, заманауи жаңа шақыруларға қайтарылған жауаптардың тиімділігі, қоғамдағы азаматтық келісім.
Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Мықты денсаулық, құт-береке, жақсылық және бақыт тілейміз!
Тілектес ДОСАЕВ,
Қаражал қаласының әкімі.
Зәмзагүл ОСПАНОВА,
қалалық мәслихат хатшысы.