Биыл «Қазыналы өңір» газетіне 25 жыл толып отыр. Осы ширек ғасыр ішінде газеттің дамуына айрықша үлес қосқан, 24 жыл бойы талмай еңбек еткен Айгүл Байпелова баспасөз саласында мол тәжірибесімен, шығармашылық қабілетімен әріптестеріне үлгі болды.
Бізбен бөлісетін сұхбаты – редакцияның ішкі өмірі, мамандыққа деген сүйіспеншілік пен адал еңбек жайындағы шынайы естеліктерге толы. Бұл әңгіме оқырманға газет өмірінің қызықты сәттерімен таныстырып қана қоймай, болашақ журналистерге де маңызды сабақ береді.
– Айгүл Сағынтайқызы, әуелі газеттің ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтап қойсақ.
– Рахмет. Тарих үшін 25 жыл қасқағым сәт болғанымен, осы жылда туған жас бала атжалын тартып мінер азамат болмай ма?! Біздің «Қазыналы өңір» де сол азамат жасқа толып отыр. Осы жолда менің де төккен терім бар екенін мақтан етемін.
– Ендеше әңгіме арнасын сол жаққа бұрсақ. Редакция табалдырығын алғаш аттаған күніңізді қалай еске аласыз?
– Мен редакцияға 2001 жылдың қараша айында келдім. Ол кезде басылымның тізгінін марқұм Төлеухан Ілиясұлы ұстап тұрған. Ел ішінде жұмыссыздық дендеп, көпшілік үшін оңай кезең болмаған шақ еді.
Сол кездері Төлеухан ағаға жолығып, жұмыс сұрадым. Ағамыз бірден түсіністік танытып, мені редакция ұжымына қабылдады. Осылайша еңбек жолым хатшылық қызметтен басталды.
Редакция табалдырығын аттау мен үшін жаңа үміттің, жаңа өмір жолының бастауы болды. Содан бері редакция менің екінші үйіме айналды. Қалам мен қағазды серік еткен осы ортада шыңдалып, кәсіби тұрғыдан қалыптастым.
– Газетке келуіңізге не себеп болды?
– Шынын айту керек, ол кезде редакцияда ұзақ жылдар қызмет етемін деген ой болған жоқ. Сол тұста жұмысы жүйелі жолға қойылған санаулы мекеменің бірі осы редакция болатын. Кадр тапшылығы да сезіліп тұрған кезең еді.
Сондықтан, «аздап еңбек етіп, кейін басқа салаға ауысармын» деген оймен келгенім рас. Алайда, уақыт өте келе бұл орта мені өзіне тарта түсті. Жұмыстың өзі қызықтырды ма, әлде ұжымдағы жылы атмосфера әсер етті ме – әйтеуір, редакция менің өмірімдегі тұрақты мекенге айналды.
Осылайша уақытша деп келген қызметім тағдырыма айналып, баспасөз саласында біржола қалып қойдым.
– Алғашқы жылдары атқарған негізгі міндеттеріңіз қандай еді?
– Әлгінде айтып өткенімдей, редакция табалдырығын хатшылық қызметтен аттадым. Алғашқы бір жыл бойы редакцияның күнделікті тыныс-тіршілігіне етене араласып, кіріс-шығыс құжаттарын реттедім, мекемеге келіп түскен хат-хабарды қабылдап, тіркеп отырдым.
Бұл кезең мен үшін баспасөз жұмысының тәртібі мен жауапкершілігін терең түсінуге жол ашқан алғашқы мектеп болды. Арада бір жыл өткен соң редактордың сеніміне ие болып, жауапты хатшылық қызметке ауыстым.
Осы сәттен бастап менің газеттің «ішкі кухнясына» белсене араласу кезеңі басталды. Жауапты хатшы ретінде әр нөмірдің қалай әзірленетінін, қандай тақырыптар қамтылатынын, материалдардың іріктелуі мен орналасу тәртібін көзбен көріп, іс жүзінде меңгердім.
Бұл жылдар мені кәсіби тұрғыдан қалыптастырып қана қойған жоқ, баспасөз жұмысының қыр-сырына терең бойлатты.
– 24 жыл ішінде сіздің кәсіби қалыптасуыңызға ең көп әсер еткен кезең қайсы?
– Ең есте қалған, кәсіби тұрғыдан айрықша әсер еткен кезең – 2005 жылдардың тұсы болды. Дәл осы уақытта газеттің бағыты да, мазмұны да түбегейлі өзгерді.
Редакция тізгінін қолға алған Ахат Құрмансейітұлы бұрыннан қалыптасқан таптаурын сүрлеуден шығып, басылымның бет-бейнесін, мазмұндық деңгейін жаңа сапаға көтерді.
Редакция жұмысы жүйеленіп, талап айтарлықтай күшейді. Әр мақаланың тақырыбына ғана емес, оның мазмұнына, тілдік сапасына, дереккөзінің нақтылығына және жеделдігіне ерекше мән беріле бастады.
Бұл өзгерістер бізден де жаңа қарқын, жаңа жауапкершілік талап етті. Ұжым біртіндеп сол талаптарға бейімделіп, кәсіби тұрғыдан шыңдала түсті.
Ахат Құрмансейітұлымен бірге еңбек еткен жылдар – шын мәнінде газет шығару ісінің үлкен мектебі болды. Біз баспасөздің жауапкершілігін, уақытпен санасуды, сапаға адалдықты сол кезеңде терең сезіндік.
«Уақытша жұмыс істеп кетермін» деген ой дәл сол жылдардан бастап санамнан біржола өшті. Керісінше, газет жұмысы мені барған сайын қызықтырып, шығармашылыққа жетелей түсті.
Сол кезеңнен бері де талай жыл өтті. Уақыт сырғып, жиырма төрт жыл ғұмыр баспасөз саласында артта қалды. Артқа қарап, осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін.
– Редакциядағы күнделікті жұмыс сізге нені үйретті?
– Ең бастысы, сол кезең маған үлкен жауапкершілікті үйретті. Ахат Құрмансейітұлы «Газеттің беделі – әр күнгі адал еңбектен қалыптасады» деп жиі айтып отыратын. Бұл сөз редакция ұжымының қағидасына айналды.
Сондықтан, әр материалға салғырт қарамай, талапқа сай, сапалы дүние ұсынуға тырыстық. Біздің басты өлшеміміз – оқырман сенімі болды.
Газет бетінде жарық көретін әр мақала оқырманның көңілінен шығуы тиіс деген ұстанымды берік ұстандық. Жауапкершілік пен талапшылдық бізді кәсіби тұрғыдан шыңдап қана қоймай, баспасөзге деген құрметімізді арттырды.
Редакциядағы әр күнгі еңбек біз үшін жай жұмыс емес, оқырман алдындағы азаматтық парызға айналды.
– Қиындығы мен қызығы қатар жүрген сәттерден есте қалғаны бар ма?
– Редакцияда өткен әр күнім өзінше бір қызыққа, есте қалар сәттерге толы болды десем, артық айтқандық емес. Әрине, жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездесті, қиындық та аз болған жоқ.
Алайда, мұның бәрін ұжым болып, сабырмен, төзіммен еңсеруге тырыстық. Алтын Зәрубайқызының «Газет – жанып тұрған от, күймей өтуіміз керек. Жаңбырлы күннен үстімізге су тигізбей шығуымыз керек» дейтін сөздері жігерлендіретін бізді.
Газетке деген адалдық пен ортақ мақсат бізді алға жетеледі. Біз деп отырғаным адал әріптестерім Светлана Нықышқызы мен Тәслима Оразалықызының есімдерін ерекше алғыспен атап өткім келеді.
Газет беттері баспаға кеткенше ақыл-кеңестерін беріп, әрдайым қасымыздан табылатын. Тынымсыз тірлік, шұғыл тапсырмалар, кешкілік әзірленген нөмірлер – барлығы редакция өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Сол жылдардағы қарбалас тірлік, ортақ қиындық пен қуаныш ұжымды бұрынғыдан да жақындата түсті. Біз үшін редакция тек жұмыс орны ғана емес, өмір мектебі, үлкен тәрбие ордасы болды.
– Редакция ұжымы сіздің өміріңізде қандай орын алады?
– Редакция ұжымы – менің өмірімдегі ең қымбат орталардың бірі. Бұл жер мен үшін жай ғана жұмыс орны емес, тағдырыммен біте қайнасқан үлкен мектеп, екінші отбасым десем, артық емес.
Қуанышым да, қиындығым да осы ұжыммен бірге өтті. Әріптестерімнің қолдауы мен сенімі мені кәсіби әрі адам ретінде қалыптастырды.
– Өзіңіз еңбек еткен басылыммен байланысты болашаққа тілегіңіз қандай?
– Еңбек еткен басылымыма тілерім – оқырман сенімінен айнымай, заман ағымына сай жаңарып, өңірдің шынайы шежіресін жаза берсін. Қаламы қарымды жас журналистермен толығып, беделі биіктей берсін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
