Қайырлы істердің бастауы адам жүрегіндегі мейірім десек, мейірімнің мәні – біреудің мұңын бөлісу, қиын сәтте қол созу. Қасиетті айда жасалған әрбір қайырымдылық – мың еселенген сауап қана емес, адамдарды жақындастыратын рухани көпір. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндіріс волонтерлерінің жасаған игілікті ісі – осының айғағы.
Олар тағдырдың тәлкегіне түскен, жалғызбасты зейнеткер Әбдімәлік ақсақалға үлкен қамқорлық көрсетті. Жылдар бойы жалдамалы шағын бөлмеде тұрып, тапқан зейнетақысының басым бөлігін пәтерақыға жұмсаған қария күнделікті тұрмысқа қажетті қаражаттан таршылық көріп келген. Денсаулығы да сыр беріп, өмірдің салмағы оны тіпті қажытып жіберген еді.
Мұны білген «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндіріс волонтерлері қарап тұра алмады. Олар қарияның жағдайын зерттеп, әкімдік балансындағы бос тұрған пәтерді тауып, оны толықтай күрделі жөндеуден өткізуге бел буды.
Өздері ораза ұстап жүргендеріне қарамастан, үш күн бойы тынымсыз еңбек етіп, жылдар бойыжөндеу көрмеген баспананы адам танымастай етіп өзгертті: едені мен төбесін жаңартып, жарық шамдарын орнатып, қабырғаларын бояп, сантехникасын түгел ауыстырды.
Бұған қоса, пәтерге қажетті барлық жиһаз бен тұрмыстық заттарды – кілем, шымылдық, көрпе-төсек, ыдыс-аяққа дейін алып беріп, үйді толық жайлы етуге тырысты.
Үшінші күні пәтер толық ретке келтіріліп, төртінші күні Әбдімәлік ақсақал ескі жалдамалы үйінен жаңа шаңырағына көшірілді. Көшіп келген күні волонтер қыздар қазақи дәстүрмен үйді аластап, мерекелік дастарқан жайды.
Жаңа пәтерін көрген қарияның көзіне жас келіп, көп жыл бойы таршылық көрген жүрегі бір мезетте жылылыққа бөленді.
– Маған мұндай күн туады деп ойлаған жоқпын. Жаратқан сіздерге жар болсын, балапандарым, — деп ақсақал ризашылығын білдірді. Бұл – волонтерлер еңбегінің ең үлкен бағасы еді.
Қарияның тағдыры да жеңіл болмаған: бір кезде өндірісте жұмыс істеп жүріп жарақат алып, кейін мүгедектікке шыққан. Денсаулығының ауырлығынан отбасы да ыдырап, баспанасын жоғалтып, жалдамалы үйлерде күнелтуге мәжбүр болған. Осындай сәтте адамға бір ауыз жылы сөз бен демеу қажет. Бұл жолы оған сүйеніш болған – Жәйремнің жанашыр жастары.
«Өндіріс волонтерлері» тобының жетекшісі Гауһар Наурызбаева бұл іске ерекше көңіл бөліп:
-
Әбдімәлік ақсақалды 2017 жылдан бері білемін. Жалғыз қалғаны, бар зейнетақысын жалдамалы үйге шығарып жүргені мені көптен бері алаңдататын. Осындай қиындық көрген жанға қол ұшын созу – әрбірінің адамдық борышы деп ойлаймын. Пәтер табу да оңай болған жоқ. Бірақ, ізденуден шаршамадым. Ақыры, қасиетті Рамазан айында бос тұрған пәтер бұйырып, волонтерлеріміз үш күнде жөндеп шықты. Енді ақсақалды әкімдік базасында жалғызбасты қарттар тізіміне тіркеп, әлеуметтік қызметкер бекітуді жоспарлап отырмыз. Осы іске атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз, — деп жүрекжарды ойын жеткізді.
Бұл сөздер қоғамдағы адамгершіліктің шынайы көрінісін айқындайды. Рамазан – жүректі тазартып, жақсылыққа құлшынатын ай. Осы айда жасалған әрбір жақсылықтың сауабы еселенеді. Мұқтажға көмектесу – мұсылманның парызы, ал таршылық көрген жанға қолдау көрсету – қоғамның рухани деңгейінің көрсеткіші.
Бұл ай – тек ауыз бекіту емес, жақсылыққа жақындау кезеңі. Психологтар мен рухани ұстаздар қайырымдылықтың адамға үш түрлі пайдасы бар екенін айтады: рухани тыныштық береді, тілектердің қабыл болуына жақындатады және игі іс ешқашан зая кетпей, еселеп қайтады.
Өндіріс волонтерлерінің жасаған ісі – соның айқын дәлелі: жастардың жүрегіндегі адамгершілік оты қарияның жүрегіне де жылылық сыйлады.
Бұл оқиға – бір ғана қарияның тағдырын өзгерткен іс қана емес, қоғамға үлгі, жас буынға сабақ. Қасиетті Рамазан айында бастау алған бұл ізгілікті қадамдар көпке ой салады. Жақсылық жасап жарысайық, жүректерге жылу сыйлайық. Бір жанның қуанышы – мың сауап.
Теректі ШАҒАТАЙ.
