Егер жұмысың қуаныш сыйласа, ал әр күнің жаңа міндеттер мен идеяларға толы болса – бәрі ойдағыдай деп айтуға болады. Жәйрем кен байыту комбинаты полиметалл фабрикасының электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электрмонтері Темірлан Тоқтарбаев дәл осындай қарапайым, бірақ, терең қағиданы ұстанады. Бала кезінен түсінгені: ең бастысы – адал еңбек, өз ісіңе деген құрмет пен айналаңа пайдаңды тигізу. Бұл құндылықтарды ата-анасы бойына дарытып еді, енді балалары мен немерелеріне сіңіруде.
ЛУГОВОЙДАН ЖӘЙРЕМГЕ ДЕЙІН: ӨМІР ЖОЛЫНЫҢ БАСТАУЫ
Темірлан Жамбыл облысы, Луговая станциясында дүниеге келген. Әкесі Тоқтарбай Рахымбек құрылыс саласының бас инженері болған. Анасы Бақыт Абдрахманова бухгалтер болып жұмыс істеген. Отбасы Жәйремге 1978 жылы көшіп келеді. Ол кезде Темірлан онға толмаған бала болатын. Жәйремнің бүкіл кеңестер одағына аты шығып дүркіреп тұрған кезі. Ата-анасын бүкілодақтық комсомол жастар құрылысына шақырады – екеуі де «Жайремтяжстрой» мекемесінде жұмыс істеді.
Мектеп бітіргеннен кейін Темірлан кәсіптік-техникалық училищеде оқып, автослесарь мамандығын алып шығады. Әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. 2001 жылдан бастап жаңадан ашылған Жомарт кенішіне жұмысқа тұрып, компаниядағы еңбек жолын бастап кетті. Ең әуелі уатқыш қондырғыда конвейер машинисі болды, кейіннен Батыс кенішіне ауысты.
Бірақ, оны бала шақтан электрмен байланысты нәрсенің барлығы қызықтыратын – радиоқабылдағыштарды жөндеумен айналысты, жарық музыкасын құрастыратын, тіпті, жергілікті Мәдениет үйінде диск-жокей болып та істеп көрді. Техникаға деген әуестігі арта берді, содан Темірлан жаңа білім алуға шешім қабылдап, электрмонтер мамандығын алып шықты.
ЭЛЕКТРИКА – ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС
Бүгінгі таңда Темірлан Тоқтарбаев – жаңа полиметалл байыту фабрикасының үздік мамандарының бірі. Технология қарыштап дамып кетті: егер бұрын желідегі ақауларды қолмен іздеу керек болса, енді бәрі басқару пультінің экранында көрсетіледі — жабдықты іске қосу тінтуірді басу арқылы жүзеге асырылады. Жиілік түрлендіргіштері мен Mitsubishi бағдарламалық жасақтамасы қолданылады.
-
Қазір бәрі автоматтандырылған, үдеріс оңай әрі қауіпсіз. Ең бастысы — бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденіп, білім алу керек, — деп бөлісті Темірлан Рахымбекұлы.
Оның жұмыс қызметінде топтарға бөлінген 20-ға жуық адам бар: ұсақтау корпусы, негізгі корпус, флотация, сүзу. Электр цехында жастар көп, Темірлан аға олардың тәлімгері. Қазірдің өзінде ондаған жас маман оның қол астында ақылкеңесін алып, оқудан өтті және бүгінгі күні бірге жұмыс істейді.
-
Жастарымыз қазір сауатты, мақсатшыл. Олармен жұмыс істеу қызықты, — дейді мақтанышпен Темірлан Тоқтарбаев.
Тәлімгерліктен басқа ол жұмыс үдерістерін жетілдіруге байланысты өнертабыстық ұсыныстарды белсенді түрде енгізеді.
ОТБАСЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
Темірланның өмір жолында тер төккен ондаған жыл еңбек өтілі ғана емес, шаттығы шалқыған, іргесі берік отбасы да бар. Жан жары Гүлмира екеуі төрт бала өсіріп, жеткізді.
Үлкен қызы Сандуғаш әкесінің ізін қуып, өмірін өндіріспен байланыстырды: еңбек жолын фабрикада реагенттерді мөлшерлеуіш болып бастады, артынан флотатор мамандығын игерді, білімі мен біліктілігінің арқасында инженер-технолог лауазымына дейін өсті, қазір қызметкерлерді оқыту және дамыту бөлімінің оқытушысы. Ол компанияның корпоративтік өміріне етене араласады.
Оның жүлде қоржынында – «Алтын микрофон» ән байқауының Гран-приі, «Казцинк» дауысы» номинациясының иегері және «Сарыарқа сазы» фестивалінде ең үздік әйел рөлі үшін марапаты бар.
Күйеу баласы Абзал Домебаев та казцинктіктердің қатарында. Еңбек жолын дәнекерлеушіліктен бастаған, қазіргі күні полиметалл фабрикасында бас механик болып жұмыс істейді. Сандуғаш пен Абзал – «Казцинктің» стипендиаттары.
Темірлан Тоқтарбаевтың кіші балалары белсенді және спортқа бейім болып өсіп келеді. Үш ұлы да футболмен, күреспен айналысады, жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Әкелерімен бірге жазық далада 20 шақырымға дейін велосипедпен жүреді.
Ұлдарының үлкені Ұлан 11 сыныпты аяқтап жатыр және болашақ мамандығын айқындап та қойды: «Тау-кен ісі» мамандығына оқуға түспекші.
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ БЕЙНЕСІ
Темірлан Рахымбекұлының алдағы күндерге жоспарлары қарапайым тілектерден тұрады: ең маңыздысы — бәрінің аман-сау болуы. Ол балаларының өсіп, ер азамат болғанын, шаңырақ көтергенін көргісі келеді, немерелерін бағып-қағып, олардың жетістіктеріне қуансам дейді.
Кезінде әкесі тер төгіп, еңбек еткен Жәйремде, бүгінгі таңда «Казцинктің» арқасында оқу оқып, жұмыс істеп, дамып, мәнді де мағыналы өмір сүру үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Кейіпкеріміздің айтуынша, адамға ең керегі де осы.
Алена ЕРМОЛАЕВА
Фотолар Т.Тоқтарбаевтың жеке мұрағатынан алынды