Әр ауылда авиажолақ болуды тапсырды

Аптаның басында облыс әкімдігінің мәжіліс залында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтың төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Жиынның күн тәртібінде жедел қызмет және санитарлық авиация мәселелері, туризм саласын дамыту туралы мәселелер қаралды.

Өңір басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталмас бұрын, облыстық басқармалардағы кадрлық өзгерістерді айта келіп, қала активіне денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушысын, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының және қазынашылық департаментінің басшысын таныстырды.
Бұдан кейін отырыс өз жұмысын бастады. Алғашқы сұрақ бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова баяндама жасады. Облыс әкімі өз кезегінде ауыл-аймақтарда ұшақ қонатын арнайы орын болуы міндетті екенін жеткізіп, «Қазақмыс» корпорациясымен жүргізілген келіссөздер аясында санитарлық авиажолақ ашу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы жауапты орынбасарына глэмпинг туризм түрін облыста дамыту жолдарын аз уақыттың ішінде зерттеуді, оны жүзеге асыру үшін «Ұлытау» ӘКК-ның ресурсын пайдалану міндетін жүктеді.
– Осы уақытқа дейін Жезқазған әуежайында туристерге ақпарат бұрышын ашу мәселесі көтерілген болатын. Аталған жұмысты Наурыз мерекесіне дейін атқаруды тапсырамын, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.