Qarmet компаниясының Темір кені департаментінде ірі өндірістік жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда

Qarmet компаниясы Темір кені департаментінің «Батыс Қаражал» шахтасында өндірістік қуатты арттыруға бағытталған «Атасу» стратегиялық инвестициялық жобасы аясында тау-кен жұмыстарының алғашқы кезеңі жоспардан бұрын аяқталды. Төрт айға ерте орындалған бұл жұмыстар жерасты кенішін дамытуға және темір мен темір-марганец кендерінің қорларын тиімді игеруге мүмкіндік беріп отыр.

Жоба шеңберінде заманауи жоғары өнімді технологияларды енгізуге жағдай жасайтын көлік инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған ауқымды тау-кен жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, +424 метр горизонтының автокөлік еңісі +290 метр горизонтының автокөлік еңісімен түйістірілді. Бұл жерасты кенішінің өндіріс көлемін 4 еседен астам арттыруға, өндіру көлемін ұлғайтуға қосымша резервтер қалыптастыруға және өндірістік циклдің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Келесі кезеңде –10 горизонтының қабатын ашу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде шамамен 35 миллион тонна темір кені және 5 миллион тонна темір-марганец кенін өндіруге дайындық жүргізіледі. Бұл кәсіпорынның алдағы ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істеуіне негіз қалайды.

Сонымен қатар, 2026 жылдың көктемінен бастап жаңа байыту фабрикасының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Оның іске қосылуы темір кені мен марганецті өңдеудің толық өндірістік циклін қалыптастырып, өнімнің қосылған құнын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтуге септігін тигізеді.