Президент Жолдауында Орталық Азияға ортақ мәселе де айтылды – Самат Нұртаза

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы туралы пікір білдірді.

«Қазір бәрі АЭС мәселесіне назар аударып жатыр. Мен Жолдаудың тағы бір маңызды тұсына тоқталғым келеді. Ел аумағының тек 5 пайызын ғана орман алып жатқаны айтылды. ⁠ Президент ел аумағында орман алқабының көп болғанын қалайтынын атап өтті. Өйткені бұл сөздердің астарында шөлейттену, Орталық Азияда болады делініп жүрген су тапшылығы мәселелері жатыр деп ойлаймын», — дейді депутат.
Мәжіліс өкілі өңірлер бұл істе қарағай мен шырша егуді жаппай қолға алған Абай облысынан үлгі алу керек деп есептейді.

Айта кетейік, Президент бүгінгі Жолдауында орман-тоғайды көбейту жұмыстарына бүкіл елді жұмылдыруды тапсырған болатын.

«Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды», — деді Мемлекет басшысы.