«Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысымен «Ашық қоғам» өңірлік зерттеу халықаралық институты жүргізген Еxit poll нәтижесі бойынша 20 қарашадағы кезектен тыс Президент сайлауындағы сайлаушылардың 82,45 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты жақтап дауыс берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ашық қоғам» өңірлік зерттеу халықаралық институтының өкілдері Exit poll-дың стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізіп, «Сіз қай кандидатқа дауыс бердіңіз?» деген сауал қойған.
«Ел президенті сайлауының нәтижелеріне мониторинг Exit poll әдістемесі бойынша «қар ұшқыны» әдісімен жүзеге асырылды. Барлық өңірлерде орналасқан 354 сайлау учаскесінде 1062 интервьюер Қазақстанның 304 мыңнан астам азаматына сауалнама жүргізді.
Әлеуметттану зерттеуінің қателігі шамамен +/-2 пайыздық тармақты құрайды. Сауалнама барысында мынандай алдын ала нәтижелер алынды. Сайлаушылардың келуі 68,7 пайызды құрады», — деді институт өкілі
Сонымен, Exit-poll нәтижесі мынадай:
Қасым-Жомарт Тоқаев —82,45%;
Мейрам Қажыкен —2,23 %;
Жигули Дайрабаев — 3,33%;
Қарақат Әбден — 2,54%;
Салтанат Тұрсынбекова — 2,08%;
Нұрлан Әуесбаев — 2,17%;
Бәріне қарсымын – 5,2%.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сағат 22.00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 299 501 азаматы бюллетень алды. Ол — тізімге енгізілген азаматтардың 69,43 пайызы деген сөз. Ал 4 өңірде сайлаушылардың 80 пайыздан астамы дауыс берген.
Бүгін елімізде кезектен тыс президент сайлау өтті. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді.
Сонымен қатар шет мемлекеттердегі Қазақстан өкілдіктері жанындағы 68 учаскенің бірнешеуі қазіргі уақытта жұмысын аяқтады.
Сайлау күнінде Сан-Францискодағы сайлау учаскесі соңғы болып жұмысын бастады.