Президент: «Популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек»

 Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті депутаттар, сіздер әрдайым барлық істің бел ортасында боласыздар. Бірақ, мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан, популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үйлесімді болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөлетіндігін айтты.

«Реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі біршама кеңейді. Қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылыққа ие болды. Сондықтан, осы залды Мәжіліске тұрақты түрде пайдалану үшін беру керек деп ойлаймын. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.