Полиция қызметіндегі ұрпақтар сабақтастығы

Қаражал қаласының полиция бөлімінің өмір бастауы қаламыздың құрылу тарихымен тұспа-тұс келеді. 1963 жылы қаламызға қалалық статус берілген соң қалалық ішкі істер бөлімі құрылды. Бөлімнің ең алғашқы басшысы болып Иван Луговцов тағайындалды, алғашқы қылмысты іздестіру бөлімшесін Саламат Мұхамедияұлы басқарған. Ол уақытта жеке құрам саны 20-25 қызметкер болатын.

Сол кезеңнен қазіргі уақытқа дейін ішкі істер бөлім салаларының атаулары өзгергенімен, қызметтегі басты міндеттер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қылмыстың алдын алу, ашу, құқық бұзушылықтарды анықтау сияқты принциптер сол қалыптан өзгерген емес. Қаламыздың ішіндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аянбай қызмет атқарып келеді. Қызметтік қажеттілікке байланысты қылмыс пен құқық бұзушылықты анықтау, ашу жолында, жеке уақыттарымен санаспай қызмет атқару – ішкі істер бөлімінің өзіне тән ерекшеліктері болып саналады, сол себептен де зейнетке шығу жасы қызметтік өтіліне байланысты ертерек келіп жетеді.
Ішкі тәртіпті нығайту, қызметке сапалы кадрларды даярлау шеңберінде, ұрпақтар сабақтастығы өзінің үлкен ізін қалдырады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету ең бірінші принциптердің бірі болып есептеледі. Біз үшін біздің алдымызда қызмет атқарған ағаларымыздың орны әрқашан ерекше болса, біздің орнымыз кейінгі ұрпаққа ерекше деп білеміз. Өткен кезеңге көз жүгіртсек ағаларымыз антына берік, қызметіне адал, құқықтық тәртіпті нығайтуға жеке уақыттарымен санаспай еңбектерін сіңіргені білінеді. Қамшының сабындай қысқа өмірде ағаларымыздың біршамасы өмірден озған, көбі 63 жасқа жетіп те үлгермеді, атап айтқанда Саламат Мұхамедияұлы, Асхат Нұрымханұлы Канафин, Жаныс Қыстауұлы Саденов, Әлжанбек Керімбеков, Шәмшидин Шорабайұлы Сауытбаев, Рамазан Диханбайұлы Бөгенбаев, Төлеубай Әкілішұлы Жұманбаев, Аманбай Орақбайұлы Оспанов, Тұрсынжан Тұрлыбекұлы Оразбаев, Абай Сауытбаев, Асылхан Болатұлы Шаленов. Осы ағаларымыздың әрқайсысын алып қарасақ өз алдарына жеке тұлға деп білеміз. Жатқан жерлері жайлы болсын, жандары жәннатта болғай. Дүниеден озған ағаларымыздың жатқан жерлері жарық болсын, артынан қалған бала-шағаларына ұзақ ғұмыр берсін деймін.
Атап өтуге әрқайсысы тұрарлықтай, алайда биылғы жылы өмірден озған, жақындарының көз жасы құрғай қоймаған Асхат Нұрымханұлы Канафинге тоқталып өтсек. Асхат Нұрымханұлы 1962 жылы дүниеге келген. Қаражал қаласының ішкі істер бөлімінің басшысы лауазымында 1992-1996 жылдар және 1998-2002 жылдар аралығында қызмет атқарды. Қаламыздың құқықтық тәртібінің нығаюына қомақтай үлесін қосқан азамат еді. Жалпы азамат ретінде алғыр, бірбеткей, әділдікті ұстанған, үлкенді құрметтеп, кішіге ізетпен қараған болса, басшы ретінде сауатты, кәсіби деңгейі жоғары, білікті тұлға болып есімізде қалды.
2001 жылы Жәйрем кентінде Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыздың 2 жасар баласы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен болатын. Іздестіру шаралары барысында баланың өгей әкесінің алып кетуі мүмкін деген ақпарат түскен сәтте Асхат Нұрымханұлы және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары Бауыржан Түкішев ағамыз екеуі жедел тобын ұйымдастырып, іссапарға дереу аттандырып, нәтижесінде 7 күн аралығында жоғалған бала Ақмола облысы, Атбасар кентінен табылған еді. Ішкі істер министрлігінен ішкі істер бөлімі қызметкерлері үлкен марапатқа ие болды. Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмысында іс-қимылы мен ойы жылдам әрі өткір еді. Қарағанды облысының ішкі істер бөлімдері арасында қылмысты ашу көрсеткіші жоғары денгейде орын алып отыратын. Асекең мен Баукеңнің тәрбиелеген қызметкерлері осал болмады, әрқайсысы бір-бір тұлға болып, осы ағаларымыздың жолын қуып сауатты басшы, кәсіби шеберлігі жоғары полиция қызметкері болып қалыптасты. Жолдарын жалғастырған жергілікті басшыларымыз Арынғазы Шәкірұлы Тәкібаев пен Жанбота Серғазыұлы Байдилдин сынды қала тұрғындары, қазіргі уақытта ІІМ зейнеткерлігінде, осы жерлестеріміздің тұсында да ішкі істер бөлімі қызметкерлері жоғары деңгейлік көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды. Әрине, жақсы жетістікті қамтамасыз ететін білікті мамандар ғой. Осы тұста кәсіби дәрежелері жоғары қызметкерлеріміз көп болды, олардың жұмыстары басшылықпен сауатты ұйымдастырылғаны өзінің оңтайлы нәтижесін беріп отырды. Сол азаматтарымыз соңдарынан ерген жас мамандарға өздерінің тәрбиесін беріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырды.
Жыл сайын 23 маусымда Қазақстан полициясы күні аталып өтіледі. Оның шығу тарихы еліміз Тәуелсіздігін алғаннан соң 1992 жылы 23 маусымда «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» заңын қабылдағаннан бастау алады. Ресми түрде 2007 жылы Президент Жарлығымен 23 маусым – Қазақстан полициясы күні болып бекітілді. Осы күнді полиция қызметкерлері мен зейнеткерлер салтанатты түрде атап өтуге тырысады. Полиция бөлімінде ұйымдастырылатын кездесуде өткен шақты еске алып, қатардағы қызметкерлерге кеңес беру, лайықты қызметкерлерді марапаттау іс-шаралары өткізіледі. Бұл кәсіби мереке жоғары деңгейде салтанатты түрде ұйымдастырылса да артық болмас еді.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Ішкі істер бөлімінен зейнетке шыққан аға, бауырларымызды шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Қаражал қаласының полиция бөлімін қазіргі таңда басқарып отырған Алмаз Жомартұлына және жеке құрамына қаламыздың тыныштығын қамтамасыз етіп отырғандарына үлкен рахметімізді айтамыз. Қызметтері әрқашан жемісті болсын! Халықтан бата алып, келер ұрпаққа өнегелі аға буын болып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырса беруге тілектеспін.

Нүркен ЕСЕНБЕКОВ,
Қаражал қаласы полиция бөлімінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы.